Шымкент қаласында «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Оның ұйымдастырушысы Шымкент қаласы әкімі аппараты. Арбат демалыс алаңында өткен акцияға шаһар жұртшылығы көп жиналды. Жалпы акция аясында 84 азаматқа тегін заңгерлік кеңес берілді.
Қала әкімі аппаратының өкілдерінің айтуынша, акцияның басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсету. Акция барысында кез келген тұрғын білікті заңгерлерден өзіне қажетті құқықтық кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Қабылдау жұмысына жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық және құқық қорғау органдарының өкілдері, прокурорлар, тергеушілер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, нотариустар және өзге де заң саласының мамандары қатысты.
Акция барысында тұрғындар өздерін толғандырған өзекті мәселелер бойынша сауалдарына жауап алды. Әсіресе жер қатынастарына қатысты сұрақтар көп болды. Атап айтқанда, жер теліміне кезекке тұру, мемлекет мұқтажы үшін жерді алып қою, жер телімін заңдастыру, тұрғын үй кезегі мен баспананы жекешелендіру мәселелері бойынша кеңестер берілді. Сонымен қатар қала инфрақұрылымын дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлер мен сауалдар да қаралды. Бұдан бөлек, қала кәсіпорындарында еңбек заңнамасының сақталуы, өндірістік жарақаттанудың алдын алу, сондай-ақ қызметкерлер алдындағы жалақы берешегін азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізілді.