Жақында Қытай Халық Республикасынан келген делегация Алматы қаласында болып, онда әлеуметтік саясат және отбасын қолдау мәселелері бойынша алматылықтармен кездесу өткізді. Шет елден келген делегация құрамында Шанхай әйелдер федерациясының төрайымы Чжан Хуа және Шанхай қаласының экономика және ақпараттандыру басқармасы жанындағы Әйелдер істері комитетінің директоры Ми Вэй болды.
Оларды Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері қарсы алып, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды. Қонақтарға «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін заманауи алаң – Әлеуметтік қызметтер үйінің қызметі де таныстырылған болатын. Басқарма өкілдерінің айтуынша, мұнда қала тұрғындары әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қызметтер және тұрғын үй мәселелері бойынша консультациялармен қатар мемлекеттік және әлеуметтік қызметтердің кеңестерін ала алады.
Бұдан бөлек, қонақтар Алматы қаласындағы Отбасын қолдау орталығының жұмысымен де танысты. Осы мекеме директорының міндетін атқарушы Ақмолжан Зарипов мекеменің негізгі қызмет бағыттарын, жұмыс нәтижелерін, отбасылық қолайсыздықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша жүзеге асырылып жатқан шараларды баян етті. Кездесу барысында тараптар әлеуметтік қорғау, отбасын қолдау, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қатысты мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы үздік тәжірибелерімен алмасты.
Қытай делегациясының өкілдері Алматы қаласының әлеуметтік қызметтерінің жұмысымен танысып, алдағы уақытта кәсіби ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді. Жалпы танымдық сапар аясында екі елдің өкілдері әлеуметтік саясатты дамыту, әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту мәселелерін талқылап, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы тәжірибелерімен алмасты.