Заңсыз есірткі айналымының жолы кесілді

0 2

Атырау облысында синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойылды. Облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын таратумен айналысты деген күдікпен 41 жастағы ер адам ұсталды.

Тінту кезінде күдіктінің Omoda S5 маркалы автокөлігінен 125 грамм есірткі тәркіленді. Сонымен қатар оның алдын ала жасырған орнынан тағы 81 грамм есірткі заты табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, жалпы салмағы 206 грамм болатын тәркіленген заттың Alpha-PVP синтетикалық есірткісі екені анықталған.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізуге қатысты бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Полиция есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, азаматтарды мұндай құқық бұзушылықтардан аулақ болуға шақырады.