Қызылорда облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін арттыру және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мәселелер облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиында саланың қазіргі ахуалы сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер мен нақты жоспарлар қаралды.
Мәжілісте өңдеу өнеркәсібінің негізгі көрсеткіштері талданып, өндірістік қуаттарды ұлғайту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне басымдық берілді. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына қолға алынған жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда болуы керек. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, өндірістік нысандарды белгіленген мерзімде іске қосу қажет. Бұл – өңір экономикасының тұрақты дамуына әсер ететін маңызды бағыттардың бірі, – деді Мұрат Ергешбаев.
Жиында өңдеу өнеркәсібіндегі өсім көрсеткіштері де назарға алынды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша облыстың өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өсім байқалған. Атап айтқанда, алты ай ішінде сала кәсіпорындары 214,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өндіріс көлемін 13,8 пайызға арттырған.
Саладағы оң динамикаға бірқатар негізгі бағыттардағы өндіріс көлемінің ұлғаюы әсер етті. Мәселен, тамақ өнеркәсібінде өсім 11,3 пайызды құраса, кокс және мұнай өнімдерін өндіру саласында бұл көрсеткіш 18,6 пайызға жеткен. Металлургия өнеркәсібінде 6 пайыздық өсім тіркелсе, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру көлемі 24,8 пайызға артқан. Сонымен қатар өзге де бейметалл минералдық өнімдер өндірісінде 51,4 пайыздық өсім байқалды. Машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату саласында да өндіріс көлемі 9,9 пайызға көбейген.
Өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында өңірде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Алдағы уақытта жалпы құны 42,8 млрд теңгені құрайтын 12 жоба іске асырылмақ. Бұл жобалар толық қуатына шыққан кезде 380 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазіргі таңда жоспарланған жобалардың бірқатары жүзеге асырылып, өндіріс орындары жұмысын бастады. Атап айтқанда, «КОМ Хоз Жаңақорған», «Марал Нұр», «Абдулла» шаруа қожалығы және «КЗ Сапа бетон» серіктестіктерінің жобалары пайдалануға берілген. Қалған нысандар бойынша құрылыс-монтаж және іске қосу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, өңдеу өнеркәсібін дамыту – тек өндіріс көлемін арттыру ғана емес, сонымен қатар жаңа технологияларды енгізуге, жергілікті өнім үлесін көбейтуге және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін маңызды бағыт.
Облыс басшысы жиын қорытындысында өндірістік жобаларды сүйемелдеуді күшейтіп, туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Белгіленген міндеттердің сапалы орындалуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, өнеркәсіп саласының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.