Қарағанды – Жезқазған автожолының құрылысы басталды

0 3

Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы ірі жобалардың бірі – Қарағанды – Жезқазған республикалық маңызы бар жаңа автожолының құрылысы ресми түрде басталды. Ұзындығы 457 шақырымды құрайтын жол елдің орталық және оңтүстік өңірлерін байланыстыратын маңызды көлік дәлізіне айналып, өңіраралық байланысты күшейтуге және экономикалық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты.

Жобаның тапсырыс берушісі – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ. Жалпы ұзындығы 457 шақырым болатын жаңа трассаның 122 шақырымы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтеді. Автожол қазіргі қолданыстағы бағытпен қатар салынып, ІІ техникалық санаттағы екі жолақты заманауи магистраль ретінде пайдалануға беріледі.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев бұл жобаның еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттырудағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

– Бүгін біз Қазақстанның жол инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңнің куәсі болып отырмыз. Қарағанды – Жезқазған автожолы елдің солтүстік және орталық өңірлерін оңтүстік аймақтармен жалғайтын негізгі көлік дәліздерінің біріне айналады. Құрылыс аяқталған бөліктерде қозғалыс кезең-кезеңімен ашылады. Бұл тұрғындар мен кәсіпкерлерге жолдың игілігін толық аяқталуын күтпей-ақ пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жоба аясында жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға ерекше назар аударылмақ. Заманауи инженерлік шешімдер, жол белгілері, көпірлер, су өткізу құрылыстары және қажетті сервистік инфрақұрылым қарастырылған. Нәтижесінде жүргізушілер үшін жайлы әрі қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етіледі.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстанда алғаш рет халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын DBM (Design – Build – Maintain) моделі енгізіліп отырғанын айтты.

Бұл модель бойынша бір мердігер ұйым жобалау, құрылыс жұмыстарын жүргізу және пайдалануға берілгеннен кейін жолды жеті жыл бойы күтіп-ұстауға толық жауап береді. Мұндай тәсіл құрылыс сапасын арттырып, қаржыны тиімді пайдалануға және жобаның уақытылы аяқталуына мүмкіндік береді.

– Жауапкершіліктің бір орында шоғырлануы барлық процесті тиімді басқаруға жағдай жасайды. Бұл халықаралық тәжірибеде өзін дәлелдеген тәсіл. Біз 2029 жылы жол құрылысын толық аяқтап, көлік қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Дархан Иманашев.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары төрт учаскеде қатар басталды. Мамандар жол төсемін дайындау, жер жұмыстарын жүргізу және жобалау жұмыстарын қолға алған. Құрылыс барысында заманауи техника мен жаңа технологиялар пайдаланылып, сапа халықаралық стандарттарға сәйкес бақыланады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа автожолдың өңір экономикасына оң әсерін тигізетінін айтты.

– Бұл жоба тек жаңа жол салу ғана емес, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын, жаңа жұмыс орындарын ашатын және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартатын маңызды бастама. Жолдың іске қосылуы кәсіпкерліктің дамуына, логистиканың жетілдірілуіне және өңірлер арасындағы байланыстың нығаюына ықпал етеді, – деді облыс әкімі.

Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Үкіметке жобаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, жаңа трасса өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков бұл автожолды жаңғыртуды өңір тұрғындары көптен күткенін атап өтті. Оның айтуынша, жолдың сапалы салынуы көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, жол жүру уақытын қысқартады және жүк тасымалының тиімділігін едәуір жақсартады.

Сарапшылардың пікірінше, Қарағанды – Жезқазған автожолы пайдалануға берілгеннен кейін еліміздің көлік дәліздерінің өткізу қабілеті артып, өңірлер арасындағы экономикалық байланыс күшейеді. Сонымен қатар бұл жоба инвестиция тартуға, туризмді дамытуға және өндірістік кәсіпорындардың логистикалық шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

2029 жылы толық аяқталуы жоспарланған автожол Қарағанды және Ұлытау облыстарының ғана емес, жалпы республиканың көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды нысандардың біріне айналмақ. Жаңа магистраль өңірлер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және азаматтардың қауіпсіз әрі жайлы жол жүруіне қызмет етеді.