Жасанды интеллектке жол ашқан шеберхана

0 4

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың тағы бір маңызды жобасы жүзеге асты. Университет базасында Қытайдың Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесіп құрылған Лу Бань шеберханасы ашылып, инженерлік білім мен цифрлық технологияларды ұштастыратын заманауи орталық өз жұмысын бастады.

Жаңа шеберхана екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестіктің нақты көрінісі саналады. Бұған дейін Қазақстандағы алғашқы Лу Бань шеберханасы Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ашылған болатын. Оның жұмысымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы танысып, аталған жобаның отандық техникалық білім беру жүйесі үшін маңызын жоғары бағалаған еді.

Биыл 22 мамырда Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы аясында екінші Лу Бань шеберханасының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин қатысты.

Жобаның бастамашысы – университеттің Цифрландыру жөніндегі проректоры, басқарма мүшесі Гүлмира Бекманова. Оның айтуынша, бұл бастама өткен жылы қолға алынып, кейін екі тарап арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Ал жобаны қаржыландыруды Тяньцзинь кәсіптік институты өз мойнына алып, оған 6–9 миллион юань көлемінде инвестиция бөлген.

Бүгінде ғылыми-тәжірибелік кешен жасанды интеллект, робототехника және цифрлық өндіріс бағыттары бойынша мамандар даярлауға бейімделген. Орталық құрамында заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бес мамандандырылған зертхана жұмыс істейді. Мұнда студенттер коллаборативті роботтарды бағдарламалауды, автоматтандырылған өндірістік желілерді басқаруды, компьютерлік көру жүйелерін, дрон технологияларын және жоғары өнімді есептеу жүйелерін меңгереді. Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі сөйлеу мен бейнені тану технологияларын тәжірибеде қолдануға мүмкіндік қарастырылған.

Шеберхана базасында жасанды интеллект бойынша алғашқы пилоттық оқу бағдарламасы да жүзеге асырылды. Арнайы курсты аяқтаған оқытушылар мен сала мамандарына сертификаттар табысталды. Бағдарламаға еліміздің жетекші он жоғары оқу орнынан 30-ға жуық оқытушы қатысып, цифрлық технологияларды оқытудың жаңа әдістерін меңгерді. Оқу барысында қатысушылар теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып қана қоймай, өз университеттерінің білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект элементтерін енгізуге арналған нақты жобалар әзірледі.

Бұл бастама жоғары білім беру жүйесін цифрландыруға, инновациялық оқыту әдістерін кеңінен енгізуге және еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлауға тың серпін береді.

Шеберхананың ашылғанына көп уақыт өтпесе де, алғашқы ғылыми жобалар өз нәтижесін көрсете бастады. Соның бірі – көне түркі руна жазуларын автоматты түрде танып, оқи алатын роботтандырылған жүйе. Жоба тарихи мұраларды зерттеу жұмыстарын жеңілдетіп, ежелгі жазбаларды цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды жоба – өсімдік өскіндерін талдап, олардың сапасын бағалайтын интеллектуалды жүйе. Бұл технология ауыл шаруашылығы мен биология саласы мамандарына өсімдіктің өсу кезеңдерін дәл анықтауға, ауру белгілерін ерте кезеңде анықтап, оларды сұрыптау жұмыстарын автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Мамандардың пікірінше, Лу Бань шеберханасы Қазақстандағы инженерлік білімнің жаңа деңгейге көтерілуіне, ғылыми зерттеулердің өндіріс пен цифрлық технологиялармен сабақтасуына және халықаралық тәжірибені тиімді игеруге жол ашатын маңызды алаңға айналмақ.