Құс шаруашылығы қарқын алды

0 3

Павлодар облысында құс шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің қарқынды дамып келе жатқан салаларының біріне айналды. Соңғы жылдары өндірістің ұлғаюы, заманауи технологиялардың енгізілуі және кәсіпорындардың қуаттылығының артуы нәтижесінде өңір құс өнімдерін өндіру көлемі бойынша республикадағы жетекші аймақтардың қатарынан көрініп келеді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша облыстағы құс саны 1 миллион 837 мың басқа жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 пайыздан астам өсім көрсетіп отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы құс басының көбеюі айрықша байқалады. Қазіргі таңда олардың үлесіне 1,5 миллионнан астам құс тиесілі.

Құс санының артуы өндіріс көлеміне де оң әсер етуде. Жыл басынан бері облыста 80 миллионнан астам жұмыртқа өндірілсе, оның негізгі бөлігі ірі құс фабрикаларының үлесінде. Сонымен қатар құс етін өндіру көлемі де айтарлықтай өсіп, 4 мың тоннаға жеткен. Мамандар мұны өндірістік қуаттардың артуымен және саланы жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен байланыстырады.

Бүгінде Павлодар облысында төрт ірі құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның екеуі жұмыртқа өндіруге, екеуі құс етін өндіруге маманданған. Атап айтқанда, «Turkey PVL» серіктестігі күркетауық етін өндірумен айналысса, «Қызылжар Құс KZ» кәсіпорны бройлер тауықтарының етін өндіреді. Ал «Шарбақты Құс» пен «Павлодар Құс» шаруашылықтары өңір тұрғындарын сапалы жұмыртқамен қамтамасыз етіп келеді.

Саладағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «Павлодар Құс» серіктестігі. Кәсіпорын өз жұмысын 2016 жылы бастап, қысқа уақыт ішінде өндіріс көлемін бірнеше есе арттырды. Алғашқы кезеңде Ресейден әкелінген 70 мың балапаннан басталған шаруашылық бүгінде заманауи өндіріс орнына айналған.

Қазіргі уақытта фабрикада 400 мыңға жуық жоғары өнімді «Dekalb White» тұқымды тауық өсіріледі. Кәсіпорында құстарды күтіп-бағу үдерісі толықтай автоматтандырылған. Арнайы жүйелер арқылы жем беру, суару, ауа температурасын бақылау және микроклиматты реттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл өндірістің тұрақтылығын сақтап қана қоймай, құстардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Павлодар Құс» ЖШС-ның атқарушы директоры Сырым Ахметовтің айтуынша, кәсіпорынның басты мақсаты – тұтынушыларды сапалы әрі қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету.

– Біз өндірістің барлық кезеңінде халықаралық стандарттарға сай жабдықтарды қолданамыз. Қазіргі таңда кәсіпорында 400 мыңға жуық асыл тұқымды тауық бар. Өнім сапасын арттыру үшін үнемі жаңа технологияларды енгізіп келеміз. Әрине, соңғы жылдары шетелдік құрал-жабдықтарды жеткізуде белгілі бір қиындықтар туындап отыр. Бұрын бірнеше айда келетін жабдықтарға қазір бір жылға жуық уақыт кетуі мүмкін. Соған қарамастан өндіріс қарқынын төмендетпей, сапалы өнім шығаруды жалғастырып келеміз, – дейді ол.

Кәсіпорында жұмыртқаны сұрыптау мен қаптауға да ерекше мән беріледі. Бұл мақсатта жоғары технологиялы жабдықтар пайдаланылады. Арнайы құрылғылар жұмыртқаның сыртқы қабатын ғана емес, ішкі сапасын да тексеріп, ақаулы өнімдерді автоматты түрде анықтайды. Соның нәтижесінде тұтынушыларға қауіпсіз әрі сапалы өнім жеткізіледі.

Заманауи технологиялар мен автоматтандырылған өндіріс жүйесі кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттырып отыр. Бүгінде Павлодарда өндірілген құс өнімдері еліміздің көптеген өңірлеріне жөнелтіледі. Сонымен қатар өнімнің бір бөлігі шетел нарығына да шығарылуда.

Сала мамандарының пікірінше, құс шаруашылығын дамыту өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан өндірісті жаңғырту, асыл тұқымды құстар санын көбейту және технологиялық жабдықтарды жетілдіру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Павлодар облысындағы құс шаруашылығының бүгінгі жетістігі – тиімді басқару, инвестиция және заманауи технологиялардың нәтижесі. Бұл өз кезегінде тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңір экономикасының дамуына да елеулі үлес қосып отыр.