Нұралық өндірушінің өнімі республикалық деңгейдегі байқауда жоғары бағаланды
Қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық мұраларының бірі – қымыз. Бүгінде бұл қасиетті сусын тек дәстүрдің белгісі ғана емес, ауыл кәсіпкерлігін дамытудың маңызды бағытына айналып отыр. Осы салада табанды еңбек етіп жүрген Нұра ауданының кәсіпкері Алексей Ефремов жақында өткен аймақаралық «Bai Qymyz – 2026» этно-гастрофестивалінде жоғары жетістікке қол жеткізді.
Қарқаралы өңірінде ұйымдастырылған ауқымды іс-шара еліміздің түкпір-түкпірінен келген қымыз өндірушілердің басын қосты. Ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрді дәріптеген фестивальге мыңдаған қонақ жиналып, қазақтың төл сусынынан дәм татты. Мамандардың мәліметінше, фестиваль барысында Қазақстанның әр өңірінен әкелінген 30 тоннаға жуық қымыз ұсынылып, 20 мыңнан астам адамға таратылған.
Байқауға қатысу үшін үміткерлер бірнеше кезеңнен өтті. Алдымен өнімдер зертханалық тексеруден өткізіліп, сапасы мен табиғилығы сараланды. Осы сыннан сүрінбей өткен 37 қымыз өндірушінің қатарында Нұра ауданының намысын қорғаған Ахмет ауылының кәсіпкері Алексей Ефремов те болды.

Көп жылғы еңбектің нәтижесінде әзірленген өнімге сарапшылар жоғары баға беріп, кәсіпкер еліміздің үздік қымыз өндірушілерінің қатарына енді. Байқау қорытындысы бойынша оған арнайы Алғыс хат пен 250 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.
Бұл жетістік тек жеке кәсіпкердің ғана емес, Нұра өңірінің де мерейін үстем етті. Осыған орай аудан әкімі Бақытжан Мұқанов арнайы кездесу өткізіп, фестивальде ауданның абыройын асқақтатқан азаматтарға құрмет көрсетті. Өңір басшысы ұлттық сусынның беделін көтеруге үлес қосқан Алексей Ефремовтің еңбегін ерекше атап өтіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Кездесу барысында әлеуметтік желілер арқылы фестивальдің кеңінен насихатталуына атсалысқан Аида Бөстекбаева мен Серік Кәрімов те назардан тыс қалмады. Оларға ауданның мәдениеті мен кәсіпкерлерін қолдауға қосқан үлесі үшін Алғыс хаттар тапсырылды.
Қымыз өндірісі бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарды сақтаумен қатар, ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзіне айналып келеді. Табиғи өнімге деген сұраныстың артуы бұл саланың болашағы зор екенін көрсетеді. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып жүрген кәсіпкерлердің бірі – Алексей Ефремов.
Ұлты өзге болғанымен, қазақтың ұлттық сусынын өндіруді кәсіп қылып, оның сапасын арттыруға күш салып жүрген кәсіпкердің еңбегі көпшілікке үлгі. Оның өнімінің жоғары бағалануы – адал еңбек пен жауапкершіліктің жемісі.
Енді нұралық кәсіпкер алдағы уақытта Астана қаласында өтетін республикалық «Bai Qymyz – 2026» этно-фестиваліне қатысуға дайындалуда. Бұл додада да өңір намысын абыроймен қорғайды деген сенім мол.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, қымыз өндірісін жаңа деңгейге көтеріп жүрген осындай азаматтардың арқасында қазақтың қасиетті сусынының даңқы жылдан-жылға артып келеді.