Алматы облысына алғаш рет Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чансин бастаған делегация ресми сапармен келді. Кездесу барысында өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев шетелдік қонақтармен сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Тараптар өңіраралық байланыстарды дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойып, өзара әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты.
Марат Сұлтанғазиев Қазақстан мен Қытай арасындағы 34 жылдық дипломатиялық қатынас өзара сенім мен стратегиялық серіктестікке негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, Алматы облысы екі ел арасындағы экономикалық байланыстың маңызды көпірі саналады.
– Өңір мен Қытай арасындағы тауар айналымы 1 млрд. АҚШ долларынан асты. Қазіргі уақытта облыста қытай капиталының қатысуымен 287 кәсіпорын жұмыс істейді. Инвестиция тарту және бірлескен жобаларды дамыту – басты басымдықтардың бірі, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, өңірде жалпы құны 6,2 трлн. теңгені құрайтын 216 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Қытай капиталының қатысуымен 3,1 трлн. теңгеге жуық 45 жоба бар. Бұл бастамалар нәтижесінде 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Білім беру саласындағы ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Қазіргі таңда Қытайдың түрлі оқу орындарында Алматы облысынан 56 студент білім алуда. Сонымен қатар, Қытай тарапы жастарға арналған гранттық бағдарламаларды ұсынып отыр.
Туризм саласында да оң динамика байқалады. 2025 жылы Алматы облысына 147 мыңнан астам шетелдік турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайыздан астам өсім. Туристердің басым бөлігі Қытай азаматтары. Сонымен қатар, Шанхай қаласында Алматы облысының Сервис орталығы жұмысын бастаған.
Өз кезегінде Синь Чансин Цзянсу провинциясының өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, технология және «жасыл» энергетика бағыттарындағы жетістіктерімен бөлісті. Оның айтуынша, өңірдің экономикалық көлемі Қытайда алдыңғы орындардың бірінде.
– Цзянсу – Қытай экономикасының жетекші аймақтарының бірі. Біз Қазақстанмен, соның ішінде Алматы облысымен ұзақ мерзімді әрі тиімді серіктестік орнатуға мүдделіміз, – деді ол.
Сапар аясында екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, қонақтарға қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын таныстыратын көрме ұсынылып, археологиялық құндылықтар, соның ішінде Алтын адам экспозициясы таныстырылды.
Кездесу қорытындысында тараптар өнеркәсіп, логистика, агроөнеркәсіп және технология салаларындағы бірлескен жобаларды кеңейтуге дайын екендерін жеткізді. Осылайша, Алматы облысы мен Цзянсу провинциясы арасындағы серіктестік жаңа даму кезеңіне қадам басты.