Жуырда Канададан келген TELUS Agriculture & Consumer Goods компаниясының өкілдері Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенімен танысты. Делегацияны облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан бастап жүріп, қонақтарға ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар ірі нысандар көрсетілді.
Сапар барысында канадалық мамандар Зеренді ауданында орналасқан ет бағытындағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «KazBeef» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Ірі бордақылау алаңында мал шаруашылығын дамытуда Солтүстік Америка елдерінің озық технологиялары кеңінен қолданылып келеді. Кешен 10 мың басқа дейін мал қабылдауға қауқарлы, мұнда жалпы саны 40 қоршау қарастырылған. Ерекшелігі – кәсіпорында тек бұқалар бордақыланады.
Кәсіпорында мал азығы бес сатылы жүйе бойынша беріліп, жас бұзаулар жеңіл рационнан бастап біртіндеп толық бордақылау кезеңіне өтеді. Бұл тәсіл малдың салмақ қосуын тұрақтандырып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
«KazBeef processing» ЖШС директоры Азамат Орынбаевтың айтуынша, бордақылау алаңында малдың тәуліктік салмақ қосуы орта есеппен 1,1 килограммнан асады. Сонымен қатар, мал 550–600 килограммға жеткенге дейін ұсталып, ет комбинаттарымен тікелей интеграция арқылы өткізіледі.
Маманның пікірінше, шетелдік тәжірибеде бұзаулар алдын ала 300 килограмм салмаққа дейін өсіріліп барып бордақылауға өткізіледі. Бұл олардың бейімделуіне және өнімділіктің артуына тікелей әсер етеді.
Бордақылау кешенінде герефорд, симментал, ангус және канадалық ақбас сияқты ет бағытындағы мүйізді ірі қара тұқымдары өсіріледі. Әр тұқымның климатқа бейімділігі мен ет сапасы ерекшеленеді. Мал азығы негізінен арпа мен шырынды қоспалардан тұрады, ал оны таратуда заманауи техника қолданылады.
Канадалық делегация Қазақстанның агроөнеркәсіптік әлеуетіне жоғары баға беріп, әсіресе Ақмола өңіріндегі даму қарқынына ерекше тоқталды. TELUS Agriculture компаниясының вице-президенті Джон Янсен Қазақстанда ауыл шаруашылығын цифрландыру мен инновациялық технологияларды енгізуге үлкен мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Сапар аясында қонақтар Ақкөл ауданындағы «Еңбек» ЖШС жұмысымен де танысты. Мұнда жем шөпті өңдейтін заманауи оптикалық сұрыптау құрылғысы енгізілген. Бұл жүйе жемнің сапасын арттырып, мал денсаулығын қорғауға және өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, делегация жаңадан бой көтеріп жатқан заманауи тауарлы-сүт фермасының жұмысын көрді. Фермада өндіріс үдерісі толық автоматтандырылған. Сиырларды сауу процесі арнайы роботтандырылған жүйелер арқылы жүзеге асады. Әр малдың қозғалысы электронды қарғыбау арқылы бақыланып, сауу уақыты автоматты түрде анықталады.
Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, малдың күйзелісін азайтып, өнім сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағыттарын талқылады.