Тараз қаласында орналасқан «№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну Орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қарттарға қамқорлықпен қызмет көрсетуде. Мұндағы әрбір ата-әженің тағдыры бір дастан, жазылмаған тарих, өшпес өнеге. Қазір бұл үйде 125 азамат бар. Бүгінгі таңда қарттармен қатар мұнда 32 мүмкіндігі шектеулі азамат та мемлекет күтіміне алынған.
Қарттардың ең үлкені 98 жаста болса, мүмкіндігі шектеу азаматтың ең жасы 27 жаста. Мұнда бір тыл ардагері, 93 зейнеткер бар. Оларға мекеменің жүзден аса қызметкері аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетуде.
Орталықта ата-әжелердің аялы алақаны мен ақ батасы бар. Бұл – қатты жүректі жібітетін, кейбіреудің бойында ұйықтап жатқан мейірім мен адамгершілікті оятатын орын.
Мекемеде 40 жылға жуық еңбек етіп жатқан қызметкерлер де бар. Соның бірі – Жанаркүл Бесбаева. Ол алғаш жұмысқа санитар болып алынса, қазір залалсыздандырушы болып жұмыс істеуде. Одан кейін жұмыс істегеніне ширек ғасыр толған Райхан Айдарбекова мен Нұржамал Күзенованың еңбегін ерекше атап өтуге тұрарлық. Соңғы азаматшаны алдағы айда зейнет жасына жетуіне байланысты, марапаттағалы отырмыз.
Қарттар үйі құрылғалы (1971 жылы ашылған) талай басшы келді, олардың әрбірі өзінің жаңалығы мен идеяларын сіңіруге күш салды. Ал бүгінде мекемені басқарып отырған Балабек Нарбаевтың да жұмысы көзалдымызда өрістеуде. Атап айтсақ, басшымыз келгелі ішкі тәртіп нығайтылды. Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағидасын берік ұстанған басшымыз тәртіппен қатар, ардагерлерге деген құрметті де арттырды.
Мақтағаным емес, жаңа басшы ғимарат жұмыс бастағаннан бері жөндеу көрмеген жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге бастамашы болды. Көп бөлмелер ағымдағы жөндеуден өткізіліп, уақыт талабына сай қайта жабдықталды. Ғимарат пен аула тазалығы қарттарға деген күтіммен қатар қойылды.
Қамкөңіл қарттардың көңілін бір мезгіл аулауға келетін қайрымды азаматтар да аз емес. Үнемі келіп, демеушілік жасап отыратын кәсіпкерлер қатары жылсанап артуда. Олар жай келмей қарттарға сыйлық әкеліп беруден танған емес. Мәселен, «Ақ жол» париясының өкілдері өткенде кітапханамызға 200 кітап сыйласа, «Аманат» партиясының өкілдері ардагерлерге естелік сыйлықтар тапсырды. Қазір кітапханамызда үш мыңнан аса кітап қоры бар.
Қарттарға арналған мәдени іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Биыл қарттармен бірге «Наурыз келді – құт келді», «Аналар – асыл жандар», «Ардагерлерді ардақтайық» тағы басқа да спорттық, мәдени іс-шаралар ардагерлермен бірге өткізілуде.
Бізде діни мерекелер де атаусыз қалмайды. Мұнда айт, Құрбан айт пен өзге ұлт өкілдері көп болғандықтан олардың да наным сеніміне байланысты мерекелер ұйымдастырылып отырады. Ас мәзірі де талапқа сай дайындалады.
Қорыта айтқанда мұндағы қарттарымыз қызметкерлердің қамқорлығы мен ілтипатына дән риза.