Соғыс кезінде Кеңес үкіметінің басшылығы нәсілшілдікке бой алдырып, өзге ұлт өкілдерінің ерен ерлігін елеусіз қалдыруға тырысып-ақ бақты. Енді өз алдына дербес мемлекет атанып, тарихымызды өз көзімізбен бағалап, өз сөзімізбен қайта жаза бастаған шақта әділетті шешімдер қабылдануда. Соның нәтижесінде Ұлы Отан соғысында ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, алайда саяси солақайлықтың, тарихи әділетсіздіктің кесірінен бұл атаққа ие бола алмаған бірқатар батырлар тәуелсіз Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағына ие болуда. Олар: Сағадат Нұрмағанбетов (1994 ж.), Қасым Қайсенов (1995 ж.), Бақтыораз Бейсекбаев (1998 ж.), Рақымжан Қошқарбаев (1999 ж.), Хиуаз Доспанова (2004 ж.). 2022 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін бірден үш қаһарманға – мергендер Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменовке және комбат Александр Несмияновке, ал өткен жылы аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Әбіл Нүсіпбаев «Халық қаһарманы» атануға лайықты
Осыған қарамастан, қаһарман атына лайықтылар әлі де баршылық. Олардың бірі – атақты мерген Әбіл Нүсіпбаев дер едік. Ә.Нүсіпбаев – Панфилов дивизиясы мергендер тобының командирі болған. Оның үш жүзге жуық неміс офицерлері мен солдаттарын жайратқаны, жаудың бір самолетін атып түсіргені хатталған. «Қызыл Жұлдыз» орденін екі мәрте, сондай-ақ жауынгерлік «Қызыл Ту» орденін алғанына майдандық суреттері дәлел. Ал 2022 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілген Төлеуғали Әбдібеков болса осы Ә.Нүсіпбаевтың қарулас досы әрі шәкірті болған. Екеуі соғыс қарсаңында Алматыдағы мергендер дайындайтын атқыштар клубынан бастап жұптарын жазбай, соғыста да бір бөлімшеде қызмет еткен. «Аңға» бірге шығып, неміс мергендеріне қарсы бірлескен әдіс-айлалар қолданған.
Мергендер тобының командирі Әбіл ерлікпен қаза тапқанда, винтовкасы Төлеуғалиға тапсырылған. Өкінішке қарай, 397 фашистің көзін жойған Т.Әбдібеков те ажал құшты. Қос мергеннің қолының табы қалған 2016 нөмірлі мергендік қару бүгінде Алматыдағы Орталық мұражайда тұр. Осыдан қырық жылға жуық бұрын, 1987 жылғы Жеңіс мейрамында Қаракемер ауылында соғыстан қайтпай қалғандарға арналған Өшпес Даңқ алаңының ашылу салтанаты өткен болатын. Ондағы тас тақталарға есімі ойып жазылған 241 боздақтың бірі Әбіл Нүсіпбаевтың ерлік жолдары жас журналист мені қатты қызықтырды. Содан бастап соғыста бір өзі үш жүзге тарта жаудың көзін жойған осынау батыр жерлесіміз туралы деректерге ден қойып, дивизияның Алматыдағы, Фрунзедегі (бүгінде Бішкек) мұражайларында болып сарғайған құжаттар мен газет тігінділерін ақтарып, мергеннің сол кездегі көзі тірі қаруластарымен, туыстарымен, көз көргендермен кездесулердің сәті түсіп еді.
Әбіл Нүсіпбаевтың Алматы облыстық ДОСААФ клубының мұрағатында сақтаулы 1940 жылғы 18 қыркүйекте өз қолымен жазылған өмірбаянында 1914 жылы Қордай ауданының Қаракемер ауылында кедей шаруа отбасында туылғаны айтылады. Ол осында ескіше сауатын ашады. Әкесі оны жастай аңшылыққа алып шығып, мергендікке баулыған. Әбіл тоғыз жасында білтелі қара мылтықпен-ақ арқар атыпты деген әңгіме бала кезімізден құлағымызға сіңген-ді. 1930- 31 жылдары Қордай тауларына бекінген бандылармен қақтығыстарда көзге түскен комсомол мүшесі Әбілді аудан басшылығы Алматыдағы № 77 мектепке оқуға жібереді. 1936 жылы әскери қызметке шақырылып, атты әскер полкінің взвод командирі ретінде Қиыр Шығыста шекара тыныштығын қорғаушылар сапында қызмет атқарады. 1939 жылдың мамыр айында Халкин Голде жапон самурайларымен әскери қақтығыстарды басуда ерекше тапсырманы орындағаны үшін Әбіл қазақ жауынгерлері арасында алғашқы болып «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. 1940 жылы Ә.Нүсіпбаев ОСОАВИАХИМнің (ДОСААФ) Қызыл Армияға мергендер және пулеметшілер дайындайтын Алматыдағы атқыштар клубында нұсқаушы болып қызмет етеді. Ал 1941 жылы қысқа мерзімді милиция мектебіне түседі. Оны бітіріп үлгермей батыста соғыс өрті бұрқ ете түседі.
Әбілдің туған інісі Бақтыбай Нүсіпбаевтың айтқандарынан: – Анамыз ерте дүниеден озған-ды. Өгей шешенің қолында жағдайым келіспеген мені әкемнің қарсылығына қарамастан Әбіл ағам өзімен бірге Алматыға апарып мектепке берді. 1941 жылы он төрт жастамын. Сонда: «Бақай, жақсы оқы. Жақында мен милиция мектебін бітіремін. Сосын Гурьев қаласына қызметке баратын болдым. Сені өзіммен әкетемін. Жеңгелі боласың», – деп басымнан сыйпайтын. Қуанып мен жүрдім. Бірақ тұтқиылдан басталған сұм соғыс өміріміздің ұйқы-тұйқысын шығарды емес пе… 316-шы атқыштар дивизиясы соғыстың бастапқы айларында Талғарда жасақталды. Оны Қырғыз КСР-нің әскери комиссары болған генерал-майор И.В.Панфилов басқарды. Дивизияның негізінен ортаазиялық ұлт өкілдерінен құралған әскери бөлімдері сол жылы күзде Москваны қорғаушылар сапында болғаны тарихтан мәлім. Күші әлденеше есе басым жаумен арпалысып, бүгін-ертең астананы басып аламыз деп өршеленген қандыбалақ фашистердің тұмсығын тасқа тіреп, бетін қайтаруға қатысты. Бұл дивизия құрамынан жүздеген ерлер шықты.
Атақты жиырма сегіз батырдың ерлігі бүкіл майданға таралса, аты аңызға айналған гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, композитор Рамазан Елебаев та осы дивизияның қаһарман жауынгерлері еді. Ал құралайды көзге атқан мергендер қатарында Әбіл Нүсіпбаевтың есімі жиі аталатын. Майдандық газеттерде ол туралы жазылған деректер өте көп. Міне, «Комсомольская правда» газетінің 1942 жылғы 9 қазандағы нөмірі. Бірінші беттің оң жақтағы жоғары бұрышында оптикалық көздеу приборы бар винтовка ұстаған жауынгердің суреті басылған. Омырауында «Қызыл Жұлдыз» ордені, өңінен өз-өзіне деген сенім мен қайтпас жігері аңғарылады.
Суреттің үстінде «Ол 52 немістің көзін жойды!» деген тақырыпша, ал астындағы мәтін: «Панфилов дивизиясы өзін өшпес даңққа бөледі. Оның жауынгер-гвардияшылары – атқыштар мен артиллеристер, мергендер мен минометчиктер фашистерге аяусыз соққылар беруде. Осы дивизияның орденді мергені аға сержант Әбіл Нүсіпбаев 52 немістің көзін жойды. Оның 25 шәкірттері де ондаған фашистерді жайпап салды. Олар шетінен өздерінің үйретуші тәлімгері сияқты көздегені мүлт кетпес мергендер. Бішкектегі (ол кезде Фрунзе) панфиловшылардың «Жауынгерлік Даңқ» мұражайында дивизиялық «За Родину» газетінің 1942 жылғы 20 қарашадағы нөмірінің фотокөшірмесі қойылыпты. Онда бірінші бетте ірі әріптермен: «Боевой счет, кто первый убьет 100-го немца! 11 снайперов стребили 864 фрица.
- НУСИПБАЕВ гв.ст.сержант – 88 немца,
- ЕРЖАНОВ ефрейтор – 85 немца,»… – деп көзін жойған жауының санына қарай барлығы он бір мергеннің тізімі келтірілген. Осы музейде Әбілдің 159 фашисті атып өлтіргенін айғақтайтын мергендік кітапшасы да сақтаулы тұрса, винтовкасы Алматыдағы Орталық мұражайға қойылған екен. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 18 қаңтардағы санында лейтенант Қазбек Сүлей мен овтың май дан н ан жазылған «Мергендер» деген көлемді мақаласы тұтастай Әбіл туралы еді. Онда Ә.Нүсіпбаевтың жауынгерлерді атқыштыққа баулудағы қызметі туралы баяндай келіп: «Әбіл үйреткен 19 мерген жұрттың күткен үмітін жауынгерлік істерімен ақтады. 19 адам 1173 немісті өлтірді. Атқыш батырлар Төлеуғали Әбдібеков – 311 немісті, М.Мадаминов – 150 немісті, Т.Шабеков – 65 немісті, Е.Мұсабеков – 56 немісті, Әбілдің өзі – 113 немісті өлтірді. Сілтегені мүлт кетпейтін даңқты мергендеріміздің істері, міне, осындай», – деп қорытындылайды. Дивизияның қазақ тілінде шығатын «Суворовшы» газетінің редакторы, соғыстан кейін «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы болған Құрманбек Сағындықов кейіннен былай деп жазды: «1942 жылы дивизияда аға лейтенант А.Солдатов бастаған мергендер тобы құрылған-ды.
Мұның құрамында қазақтар Ә.Нүсіпбаев пен Т.Әбдібеков, орыс В.Худяков, өзбек М.Мадаминов, қырғыз А.Осмоналиев, тағы басқалар болды. Батыр мергендеріміздің оғы жанды нысанаға қаншалықты дәл тиіп жатқаны 1943 жылдың күзінде қолға түскен неміс унтер-офицерінің жауабынан да айқын көрінеді. «Осы өңірде, – деді тұтқын неміс, біз өте-мөте совет мергендерінен зардап шектік, талай-талай солдатымыз бен офицерлерімізден айрылдық. Олар дәл атады. Әрқайсымыз минут сайын тітіреп, бас көтеруге қорқамыз, кейде түзге отыруға да зар боламыз…». Сол жылдың көктемінде мергендер тобының жетекшісі А.Солдатов қаза тапқанда, мергендерді басқарған Әбіл Нүсіпбаев сүйікті ұстазы үшін жаудан өш алуға жолдастарының алдында ант еткен-ді. Сол сертін орындап Әбіл екі айдың ішінде 105 фашисті жер жастандырды».