Әскери борышты өтеу – ер азамат үшін үлкен сын

0 3

Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті мәселе. Осы бағытта «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен әскер қатарынан оралған азаматтармен жастар арасында еркін форматтағы кездесу өтті. «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Ж.Қыстаубаеваның айтуынша, кездесудің басты мақсаты – жастарға әскери өмірдің маңыздылығын түсіндіру, Отан алдындағы борышты өтеудің жауапкершілігін насихаттау және патриоттық рухты арттыру.

– Бүгінгі күні біздің алдымызға қойылып отырған міндет – жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру. Сондай-ақ интеллектуалдық әлеуеті жоғары, физикалық тұрғыдан шыныққан, тәртіп пен жауапкершілікті терең түсінетін, ел болашағына адал қызмет етуге дайын тұлғаларды қалыптастыру. Туған елі мен жеріне, тәуелсіз мемлекетіміздің Ата заңына адал қызмет ететін болашақ Отан қорғаушыларды даярлау мектеп қабырғасынан басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы жастарды отаншылдық сезімге тәрбиелеу бағытындағы міндеттер де бізді осыған жетелейді. Отаншылдық сезім, Отанды қорғау, Отанға адал қызмет ету тәуелсіз еліміз үшін қай кезде де маңызды болып келе жатқандығы белгілі. Ал, Мемлекет басшысының Жолдауы бұл тұрғыдағы жаңа бағыт, жаңа сапалық кезеңдерге де жол ашып отыр. Біздің бүгінгі осыған саяды. Мақсатымыз жастарға азаматтық борышын өтеп, ел күзетін қорғап, елге қорған болуды жеткізу, – дейді орталық директоры.

Іс-шара барысында «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Ж.Қыстаубаева, заңгер маман Л.Шакирова, әскерден келген жастар Малмақ Нұрмұхаммед және Түймебек Дидар өз ой пікірлерімен бөлісті. Әскерден келген азаматтар өздерінің борышын өтеген кездегі тәжірибесімен бөлісіп, әскери тәртіп, шыдамдылық пен жауапкершілік туралы кеңінен әңгімеледі.

– Мен биыл азаматтық борышымды Отар гарнизонында өтеп келдім. Әскери міндетті адал орындау арқылы өзімізден кейінгілерге үлгі боларымыз анық. Ауылда өзімнен кейінгі іні буындар маған қызыға қарап, сарбаз ретінде өзіңізге кезіккен түрлі қызықты оқиғаларды бөлісуді сұрайды. Барынша жастардың баруына себепші болып, сарбаздарға жасалған жақсы жағдаяттар бар екенін құлағдар етіп жүрмін. Әскери борышты өтеу – ер азамат үшін үлкен сын. Сол сыннан сынбай, ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп, абыроймен оралу – бұл да бір үлкен жеңіс десе де болады. Қазақта «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген жақсы сөз бар. Бір әулеттің ғана емес, халықтың ұлы болу – кез келген ер азаматтың арманы. Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі, – деді Түймебек Дидар.

Сонымен қатар, жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасу алаңы қалыптасты. Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар арасында жылы әрі сенімді атмосфера орнады. Жастар әскери қызметтің өмірлік маңызы зор екенін түсінді.