«Gakku Qus» фабрикасының негізі қаланды

0 4

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аграрлық секторды дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру және импортқа тәуелділікті төмендету – негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Осы бағытта Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Атап айтсақ 2029 жылға дейін аймақта жалпы құны 5,9 триллион теңгені құрайтын  116 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Ал өткен жылы 21 инвестициялық жоба іске асырылып, 550 жаңа жұмыс орыны ашылды. Биыл құны 471 миллиард теңгені құрайтын 47 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның бірі – бүгінгі күні құрылысы басталғалы тұрған асыл тұқымды құс шаруашылығы.

 Тұрар Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылында жүзеге асырылуы жоспарланған «Gakku Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асыл тұқымды құс шаруашылығына бағытталған ІІ санаттағы өндіріс орнының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. «Gakku Qus» ЖШС-ның құрылтайшысы Фарида Жүнісованың айтуынша, қазіргі таңда құс шаруашылығында тұқымдық шикізаттың 80 пайызы шетелден импортталады. Жаңа кәсіпорын осы олқылықтың орнын толтырып, өндірілетін инкубациялық жұмыртқалар отандық құс фабрикалары мен шаруашылықтарды қамтамасыз етуге әрі экспортқа шығаруға бағытталады. Жүзеге асатын кәсіпорынның жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайды. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады: алғашқы кезеңде жылына 10 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіру жоспарланса, екінші кезеңде өндіріс қуаттылығы 60 миллион данаға дейін ұлғайтылмақ.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев және ауыл тұрғындары қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аграрлық секторды дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру және импортқа тәуелділікті азайту негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Бұл бағытта асыл тұқымды құс шаруашылығы репродукторының маңызы ерекше екеніне тоқталды.

– Әулиеата өңірі – ауылшаруашылығы саласында қалыптасқан дәстүрі бар, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келе жатқан аймақ. Бүгінде біз өндіріс көлемін арттырумен қатар, саланың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге басымдық беріп отырмыз. Құс шаруашылығы – стратегиялық маңызы жоғары бағыттардың бірі. Бұл сала халықты қолжетімді әрі сапалы ақуыз көзімен қамтып қана қоймай, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруда маңызды рөл атқарады.

Аталған жобаның іске асуы өңірді сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз етіп, құс шаруашылығының толық өндірістік тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға және саланың тұрақты дамуына жол ашады, – деді аймақ басшысы.

Ал «Gakku Qus» ЖШС-ның құрылтайшысы Фарида Жүнісованың айтуынша бүгінгі күні құрылыс барысында 120 адам жұмыспен қамтылса, өндіріс ошағы пайдалануға берілгеннен кейін 80-100 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Оның 60-70 пайызы жергілікті тұрғындарға тиесілі болмақ. Жоба 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

Бұл бастама – өңірдің инвестициялық әлеуетіне деген сенімнің айқын дәлелі. Ал компанияның тәжірибесі мен кәсіби құзыреті – жобаның табысты жүзеге асырылатынының кепілі.