Есірткі – қоғамдағы қатерлі дерт, сондықтан онымен күрес ешқашан тоқтамақ емес. Есірткі мәселесі бүгінгі күні тек қылмыстық оқиға немесе медициналық проблема шеңберімен шектелмейді. Ол – ұлттық қауіпсіздікке, қоғамның психологиялық және рухани саулығына төнген үлкен қатер. Әлемде есірткі бизнесінің қарқыны жыл санап артып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес басқармасының мәліметінше, әлемде 36 миллионнан астам адам есірткіге тәуелді. Соның ішінде, әр төртіншісі – жастар. Ең алаңдатарлығы – есірткі қолданушылардың жасы жыл сайын жасарып барады.
Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Соңғы бес жылда нашақорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар 1,5 есеге артқаны туралы түрлі зерттеулерде айтылады. Еліміздің оңтүстік өңірлері, соның ішінде Жамбыл облысы, транзиттік аймаққа жататындықтан есірткі бизнесінің белсенділігінен қалыс қала алмайды. Географиялық орналасуы, халықаралық бағыттағы жолдардың көптігі, үлкен қалалардың жақындығы бұл аймақты есірткі тасымалы үшін қолайлы бағытқа айналдырады.
Бұған дейінгі мақалаларда да полиция құрығына түскен есірткі тасымалдаушылар мен жеткізушілер туралы аз жазылған жоқ. Өкінішке орай, оңай жолмен пайда табуды көздегендер азаймай отыр. Кеше ғана Тараз қаласында синтетикалық есірткі заттарын жасырын таратып келген күдікті әйел ұсталды. Облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 43 жастағы азаматша құрықталды.
Синтетикалық есірткінің қауіптілігі – оның өте арзан әрі тез тәуелділік тудыруында. Мұндай химиялық қоспаларды қолданғаннан кейін адам санаулы минуттарда өзіне бақылау жүргізе алмайтын халге түседі. Жүрек соғысы жиілеп, тыныс алу қиындап, агрессия мен «галлюцинация» пайда болады. Дәрігерлердің айтуынша, синтетикалық есірткіні бар болғаны 2–3 рет қолданғаннан кейін ми жасушалары қайтымсыз зақымданады. Яғни, адам өмір бойы жазылмайтын психикалық ауруға шалдығуы мүмкін.
Сонымен күдіктіні жеке тінту барысында күдіктіден өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ зат салынған бірнеше «зип-пакет» тәркіленді. Сонымен қатар, оның тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту кезінде жатын бөлмесінен дәл осындай орамалар, электронды таразы және есірткіні өлшеп, орауға арналған өзге де құралдар табылған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, әйел әлеуметтік желілер арқылы жарияланған жұмыс туралы хабарландыруға тап болып, кейін есірткі заттарын таратуға қатысты заңсыз әрекетке келісім берген. Ол жасырын орындардан есірткіні алып, оны ұсақтап орау және Алматы мен Тараз қалалары аумағында арнайы белгіленген «жасырын орындарға» қалдыру міндетін атқарған. Жалпы алғанда, күдіктіден 122 грамм 86 миллиграмм көлемінде «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісі тәркіленді. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Қазіргі таңда күдікті Тараз қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тиісті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды белгілеу бағытында кешенді тергеу жұмыстарын жалғастыруда. Құқық қорғау органдары азаматтарды күмәнді ұсыныстардан сақ болуға, әсіресе әлеуметтік желілер арқылы ұсынылатын жеңіл табыс көздеріне сын көзбен қарауға шақырады.