Жуалының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жақсарып келеді

0 3

Жуалы ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жыл санап жақсарып келеді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Жатқанбаевтың төрағалығымен өткен жиында маңызды бес мәселе қаралып, талқыланды. Бірінші мәселе – қаржылық жағдай. Ол бойынша аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлы баян етіп, 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша бюджет қаражатының игерілуі мен салық түсімдерінің жоспарлы түрде түсуі туралы есеп берді. Қаржылық ресурстарды тиімді пайдалану мен кіріс көздерін арттыру – аудан экономикасының тұрақтылығының кепілі екені атап өтілді.

Ал құрлыс саласына келетін болсақ, ауданның инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыс көп. Аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысы Нұрсұлтан Сауырбаевтың айтуынша, соңғы 5 жыл ішінде бір ғана «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауданда 84 жоба жүзеге асырылған. Бұл жай ғана сандар емес, бұл – әрбір ауыл тұрғынының жайлы тұрмысы.

– Ауыл біздің алтын діңгегіміз, берекеміз бен бірлігіміздің бастауы. Өздеріңіз жақсы білетіндей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бүгінде Жуалы ауданында көп жұмыс атқарылды. Соңғы жылдары туған жеріміздің инфрақұрылымы жаңарып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы айтарлықтай артты. 2020-2025 жылдар аралығында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталар болсам, бүгінгі күні аудан бойынша жол мәселесі жүйелі шешімін тауып келеді. Тек өткен жылдың өзінде 28 жол жобасы іске асып, ауылішілік көшелер жаңартылды. Ал биыл жүзеге асырылып жатқан Боранды станцасындағы жаңа көлік өткелінің құрылысы – қауіпсіздік пен жайлылыққа жасалған үлкен қадам болып отыр, – деді Нұрсұлтан Сауырбаев.

Бұдан бөлек, білім мен мәдениет саласында да атқарылған жұмыстар бар. Мәселен, Нұрлыкент, Көлбастау және Қайрат ауылдарында заманауи мәдениет үйлері бой көтеріп, халықтың рухани ордасына айналды. Ал №2 Мыңбұлақ, №30 Көктөбе, Т.Тастандиев және Ш.Мұртаза атындағы мектептер күрделі жөндеуден өтіп, балаларымызға жарқын болашақ сыйлауда. Спорт саласында тоқталар болсақ, Қарасаз, Көлтоған және Б.Момышұлы ауылдарында жаңа спорт кешендері салынып жатыр. Бұл – ауыл жастарының чемпион болуына, салауатты өмір салтын ұстануына жасалған керемет мүмкіндік.

Бөлім басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың бұдан былай да жалғаса беретінін айтты. Сондай-ақ ол көшелердің сәулеттік келбетін арттыру және заманауи талаптарға сай ету жұмыстарына да тоқталып өтті.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша ТКШ ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Руслан Айтбаев баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аудан аумағында өту барысына тоқталды. Сөйтіп, ол көктемгі көріктендіру және көгеріштендіру жұмыстары мен елді мекендерді санитарлық тазалау, абаттандыру шараларының сапалы орындалуы туралы егжей-тегжейлі айтты. Осыдан кейін «Жуалы Су» мекемесінің басшысы Дархан Есенгелдіұлы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының қазіргі жағдайы мен жұмыс барысы туралы ақпарат берді. Қалдықтарды басқару және экологиялық нормаларды сақтау мәселесі әкімдік тарапынан қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.

Ал жиын соңында экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова 2026 жылдың алғашқы 3 айының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне талдау жасады. Оның айтуынша, негізгі индикаторлық көрсеткіштер орындалу үстінде және ауданның экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді.

Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Жатқанбаев жауапты бөлім басшыларына жұмыстың сапасын арттырып, берілген тапсырмаларды мерзімінде орындауды жүктеді.