Жаңа Салық кодексінде өзгерістер көп. Ол бойынша жыл басынан бері облыс көлемінде бизнес субъектілеріне және есепші-бухгалтерлерге көптеген тегін кеңес берілді. Әлі де кәсіпкерлер арасында жаңа Салық кодексіне енген өзекті сұрақтарға түсіндірмелер беру қажеттілігі туындап отырғаны белгілі. Бұл бағытта салық қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді.
Мәселен, Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовтың айтуынша, жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер бойынша жыл басынан бері облыс көлемінде бизнес субъектілеріне және есепші-бухгалтерлерге тегін кеңес беру арқылы қолдау көрсетуге бағытталған «Заң мен тәртіп» және «Халық бухгалтері» акциясы жүргізіп келеді. Бастама бақылау моделінен салық төлеушілерді сервистік сүйемелдеуге көшу шеңберінде іске асырылуда. Ол акцияның мақсаты – бақылау моделінен сервистік сүйемелдеуге көшу шеңберінде халықтың салық және кеден заңдылығы бойынша сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін кеңес беру.
Есте болса, бірнеше апта бұрын Тараз қаласындағы «Mart» сауда орталығында Жаңа салық кодексі және кеден заңдылығын түсіндіруге бағытталған «Ашық диалог: Жаңа Салық кодексі қарапайым сөзбен» акциясы өткізілген болатын. Яғни, «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында ұйымдастырылған акцияға Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқармалары, коммерциялық емес акционерлік қоғамы, азаматтарға арналған үкімет, мемлекеттік корпорация, уәкілетті органдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және екінші деңгейдегі банкілердің өкілдері мен есепші-бухгалтерлер қатысты.
«Біздің көздеп отырған басты мақсатымыз – жаңа қолданысқа енгізілген Жаңа Салық кодексін елге қарапайым тілмен жеткізу. Осында кез келген бизнеске қатысты сұрақтарға кәсіпкерлер жауап ала алады. Бұл акцияны жиі өткізуге тырысамыз, өйткені халыққа жаңа салық кодексін кеңірек түсіндіруді көздеп отырмыз. Біз іс-шараны бақылау моделінен сервистік моделге көшу шеңберінде жүзеге асырудамыз. Яғни, түсіндірме жүргізу арқылы адал кәсіпкерлікке ынталандыруға бағытталған іс-шаралар. Сондай-ақ бұл «Халық бухгалтері» акциясы аясында апта сайын осындай іс-шаралар ұйымдастырылып, бухгалтерлерге де түсініктеме берілуде. Осылайша, бұл акцияны насихат жұмысын кең аудиторияға тарату мақсатында ұйымдастырып отырмыз», – дейді Ерлан Нұрмаханбетов.
«Халық бухгалтері» акциясы шеңберінде Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы филиалдарының бухгалтер мамандарына арналған облыстық семинар өтті. «Кәсіподақ үйінің» мәжіліс залында ұйымдастырылған жиынға Жергілікті кәсіподақтың облыстық, қалалық филиалдарының есепші-мамандары қатысты. Семинарды Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, семинардың бухгалтерлік есепті жүргізуде біліктілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтты.
– Білімді жетілдіріп отыру ешуақытта артық болмайды. Әсіресе, цифрландыру дәуірінде ақпарат ағынынан қалып қоймау бухгалтер-есепшілер үшін маңызды болып саналады. Өйткені, Салық кодексіне де енгізіліп жатқан өзгерістер көп. Қала берді барлық есеп құралдары электронды түрде жүреді. Бұл басқосу арнайы маманның пікірі, кеңесі сіздер үшін жұмыс процесін жеңілдетуге, шеберліктеріңіз бен біліктілікті арттыруға өз септігін тигізеді деген сенімдемін, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Семинар бағдарламасына сәйкес, салық саясаты бойынша сарапшы Мұхтар Әбдіқалықовтың «Қазақстан Ре спубликасындағы 2026 жылға арналған Салық кодексіндегі өзгерістер аясында жеке тұлғалардың табыстарына салық салу» тақырыбында оқыған лекциясы қатысушылар арасында қызу талқыланды. Лектор маңызды ақпараттармен бөлісіп, қатысушылар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға Салық кодексі және басқа да заң баптары бойынша жауап берді. Ал қатысушылар өз тәжірибесінде кездескен ситуациялармен бөлісіп, сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты.
Осыдан кейін Жергілікті кәсіподақтың құқықтық инспекция жетекшісі Әлия Жолшыбекова еңбекақы төлеу жөніндегі ережелердегі өзгерістерге тоқталып, кеңес берді. Сондай-ақ материалдық және қайырымдылық көмек, жолдамалар бойынша да толыққанды айтып өтті. Ал Жергілікті кәсіподақтың бас бухгалтері Жанбота Ибраимова салықтық есеп саясатына енгізілген өзгерістер туралы сөз етсе, есепші Айгүл Егембердиева «1С» бағдарламасы бойынша практикум өткізді.
Семинар барысында есепші мамандар бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа салық нормаларын сақтау, жалақы мен материалдық көмектің есебін жүргізу, цифрландыру жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану жайына басымдық берді.