Құрылыста кеңінен қолданылатын гипсті түркістандық жеке кәсіпкер Талғат Атамбеков шағын цехта шығаруда. Бүгінде ол төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Цехта әр маманның міндеті нақты бөлінген. Екі шебер өнім дайындаумен айналысса, біреуі жеткізу жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар, жұмысшылардың жағдайын жақсарту мақсатында арнайы аспаз да қарастырылған. Бұл – ауыр қол еңбегімен айналысатын жұмысшылардың еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған қадам.
Кәсіпкер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды да тиімді пайдаланып отыр. Соның бірі – «Күміс жас» бағдарламасы. Қазіргі уақытта цехта осы жоба аясында үш адам жұмыс істейді. Бағдарлама жұмыс берушіге де, жұмысшыға да тиімді: бір жағынан тұрақты жұмыс орындары ашылса, екінші жағынан мемлекет жалақының бір бөлігін субсидиялайды.
Талғат бұл салаға аяқ астынан келген жоқ. Кәсіп бастау идеясы күйеубаласының ұсынысымен пайда болды. Ауданда гипс өндірісі жеткілікті деңгейде дамымағанын байқаған ол 2018 жылы көрші Өзбекстанға барып, қажетті қалыптарды сатып алып келеді. Бастапқыда тек терезе жақтауларын жасап, бір ғана өнім түрімен жұмыс істеген. Алғашқы жылдары тапсырыс аз болғанымен, уақыт өте келе ассортиментті кеңейтіп, тұтынушылар сеніміне ие бола бастайды. Нәтижесінде, үшінші жылға қарай кәсібі тұрақты табыс әкелетін деңгейге жеткен.
Бүгінде кәсіпкердің цехында гипс өнімдерінің бірнеше түрі шығарылады. Олардың қатарында әртүрлі пішіндегі бағаналар, 3D панельдер, есік-терезе жақтауларына арналған сәндік өрнектер, төбе жиектері (карниздер), сондай-ақ мешіттер мен тойханаларға арналған арнайы декоративті элементтер бар. Әсіресе, интерьерге ерекше сән беретін 3D панельдерге сұраныс жоғары. Жалпы алғанда, цехта оннан астам өнім түрі дайындалып, олар жеке үйлерден бастап, қоғамдық ғимараттарға дейін кеңінен қолданылуда.
Кәсіпкер тек дайын үлгілермен шектеліп қалмай, өндіріске жаңа дизайндарды да енгізіп отырады. Нарықтағы трендтерді бақылап, жаңа үлгілерді сатып алып, олардан қалып жасайды. Сонымен қатар, тапсырыс берушілердің жеке қалауы да ескерусіз қалмайды. Клиент ұсынған сурет немесе идея негізінде арнайы пішін әзірленіп, бірегей өнім жасалады. Кейбір күрделі жобаларда заманауи технологиялар, соның ішінде компьютер арқылы басқарылатын құрылғылар да қолданылады.
Талғат Атамбековтің айтуынша, олардың басты артықшылығы – өнім түрлерінің көптігі мен сапасы. Әйтпесе, Сарыағашта гипс өндіретіндер көп-ақ. Бәсекелестік ортада Талғаттың өніміне сұраныс жоғары. Ол өнімдердерін ауданнан бөлек, облыстың басқа аудандарына, сондай-ақ, Шымкент пен Алматы қалаларына жеткізіледі.
Алдағы уақытта кәсіпкер өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жаңа бағыт ретінде балаларға арналған гипс өнімдерін шығаруды қолға алмақ. Бұл – ертегі және мультфильм кейіпкерлері бейнеленген шағын мүсіндер жиынтығы. Жоба бойынша бір қаптамада бірнеше мүсін, бояулар мен қылқалам бірге ұсынылады. Мұндай өнімдер балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, олардың ой-өрісіне оң әсер етеді.