Атырауда жаңа дендропарк салынады

0 2

Атырау қаласында дендрологиялық парк салу жобасы екі жыл бұрын басталған. Бүгінге дейін қала тұрғындары күткен жаңа саябақтың құжаттары рәсімделуде. Қала билігі берген мәліметке сүйенер болсақ, Атырау қаласында дендрологиялық парк ашу жобасын жүзеге асыру мақсатында былтыр шаһар маңынан 20 гектардан астам жер телімін бөліп, ғылыми негіздеме жасау жұмыстары басталып кеткен. Бүгінде республикалық Ботаника және фитоиндустрия институты жаңа парктің ғылыми негіздемесін әзірлеген.

Ендігі кезекте дендропарк құру жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылатыны белгілі болды.

Дендропаркте климатрон, серуендеу, демалыс аймақтары, экзотикалық және тропикалық өсімдіктердің учаскелері, экологиялық білім беруге арналған алаңдар және тағы басқа орталықтарды жасау жоспарлануда. сайып келгенде, болашақта дендропарк зерттеулер, өсімдіктердің сирек кездесетін түрлерін көбейту және ботаникалық зерттеулер жүргізетін базаға айналдыру көзделуде.

Атырау билігінің айтуынша, Жайық өзенінің екі жағалауынан екі жер учаскесі бөлу көзделген. Олардың бірі, аумағы алты гектар, Геолог шағын ауданында, ал екінші учаскенің 20 гектары «Атырау-2»  шағын ауданында орналасқан.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы хабарлағандай, бүгінгі күні Алматының Ботаника және фитоинтродукция институтының мамандары демеушілік қаражаты есебінен ғылыми негіздеме дайындаған. Техникалық-экономикалық негіздемені және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге арналған конкурстық рәсімдер басталып кеткен.

Дендропарк өңірдегі алғашқы мамандандырылған табиғат қорғау, ғылыми және мәдени-білім беру аумағына айналады деп болжануда. Жобаны іске асыру қаланың экологиялық мәселелерін (шаңды дауылдар, жасыл аймақтардың тапшылығы), жасыл желектердің аумағын ұлғайтуға, флора мен фаунаның биологиялық әртүрлілігін сақтау үшін өзен бойында «жасыл дәліз» қалыптастыруға, сондай-ақ өңірдің туристер үшін тартымды болуына ықпал етпек.