Үшжақты меморандумға қол қойылды

0 2

Ақмола облысында инвесторлармен жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Бұл аймақтағы бизнес ортаға жасалған мүмкіндіктер инвесторлардың инвестиция салуына жол ашып отырғаны белгілі. Бүгінгі күні өңірде цифрлық инфрақұрылым және жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларға басымдық берілуде.

Жуырда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Aqmola Invest кеңсесінде инвестициялық тартымдылық мәселелері бойынша өткен кеңесте бизнес өкілдерімен үшжақты меморандумға қол қойылды. Атап айтсақ, Аршалы аудандық әкімдігі «Akmola Industry» және «VTK Global investments and trading» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің арасында жасалған бұл ынтымақтастық меморандумы цифрлық инфрақұрылым және жаңартылатын энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобаны іске асыруды көздейді. Құжат тараптардың «Ақмола» ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламасын бірлесіп, жүзеге асыру ниетімен қабылданып отыр.

Жалпы жоба Аршалы ауданында индустриялық аймақта іске асырылады және деректерді өңдеу орталықтарының (ДӨО) көпкезеңді кампусын құруды мақсат етеді. Осыған жұмсалатын инвестициялардың жалпы көлемі 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында шамамен 150 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жоба инфрақұрылымы 8 гектар аумақта серверлік залдары, электр қосалқы стансалары, салқындату жүйелері, қауіпсіздік аймақтары және логистикалық инфрақұрылымы бар деректерді өңдеу орталықтарының кампусын орналастыруды, сондай-ақ, индустриялық аймақ пен Бабатай стансасының маңында 300 гектар жерде күн электр қондырғыларын қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздері нысандарын салуды қарастырады.

– Қазақстан әлемге жоғары инвестициялық әлеуеті бар мемлекет ретінде жаңа қырынан танылды. Бүгінде инвестор біз үшін стратегиялық серіктес. Бірлескен жобаларды жүзеге асыра отырып, олардың бизнес үшін де, өңір тұрғындары үшін де өзара тиімді болуын мақсат етеміз. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы инвестициялық тартымды бірқатар бағыттарды атап өтті. Олардың қатарында агроөңдеу және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар бар, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Өз кезегінде «VTK Global investments and trading» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Караманли Тайлан цифрлық инфрақұрылым мен жасыл энергетика саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін Ақмола облысының инвестициялық әлеуеті жоғары екенін атап көрсетті.

Бұдан бөлек, жуырда осындай меморандум Ақкөл аудандық әкімдігі мен «Akkol Resort» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында да жасалды. Бұл серіктестік Ақкөл қаласында заманауи демалыс аймағын құру жобасын іске асыруға ниеті. Жоба бойынша қонақүй, коттедж қалашығы, балалар лагері, монша кешені, этноауыл, ойын-сауық аймақтары және басқа да нысандар салу жоспарланған.