Жуырда Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қорытынды төралқа мәжілісі өтіп, онда өткен жылдың діни-рухани бағытта атқарылған жұмыстары сараланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Алқалы жиын қасиетті Құран аяттарымен басталып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел тыныштығы мен жұрт амандығы үшін дұға жасады. Сонымен қатар, Бас мүфти бір жыл бойы өңірлерде қызмет еткен бас имамдар мен дін қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беріп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Мәжіліс барысында дін саласында ерекше белсенділік танытқан мешіттер мен қызметкерлерге «Жыл үздіктері» марапаттары табысталды. 2025 жылғы қорытынды бойынша «Үздік аудандық мешіт» аталымы Жамбыл облысындағы Қордай аудандық мешітіне бұйырды. Салтанатты рәсім кезінде Бас мүфти марапатты табыстап, Қордай аудандық мешітінің өңірдегі діни-рухани жұмыстарды жүйелі әрі нәтижелі жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы мен Қордай ауданының бас имамы Әлімұхаммед Егізбаевтың еңбегіне ризашылығын білдірді.
Қордай ауылында орналасқан аудандық мешіт 2005 жылы салынған. Ғибадат үйінің бой көтеруіне Халықаралық жастар қоғамының президенті Саид Саюми мен аудан әкімдігінің қолдауы ықпал еткен. Қазіргі таңда мешіт бір мезетте 800-ге жуық адамға қызмет көрсете алады. Мешіттің сәулеттік шешімі мен ішкі инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай. Кең намаз залы, жазғы намазхана, асхана, дәрісханалар, неке залы, әйелдерге арналған бөлек зал мен қызметтік бөлмелер жамағатқа қолайлы жағдай жасаған. Сондай-ақ мешіт аумағында Құран оқитын арнайы бөлме мен қызметтік үй де қарастырылған.
Жамағаттың белсенділігі де айтарлықтай. Күнделікті бес уақыт намазға орта есеппен 40-қа жуық адам қатысса, жұма намазына 900-ге тарта жамағат жиналады. Мешіттің қолайлы орналасуы, тазалық пен тәртіптің сақталуы, діни шаралардың тұрақты ұйымдастырылуы оның аудан тұрғындары арасындағы беделін арттыра түскен.
Аталған марапат Қордай аудандық мешітінің тек ғибадат орны ғана емес, ел бірлігі мен рухани тұрақтылықты нығайтуға қызмет етіп келе жатқан маңызды орталық екенін айғақтайды. Дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеген мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретініне сенім мол.