Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ үйі» ғимаратының мәжіліс залында «Білімді әйел – берік қоғам» тақырыбында дөңгелек үстелі өтті. Оған түрлі салада еңбек етіп жүрген іскер әйелдер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Қоғамда әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау облыс аумағындағы білім және ғылым саласы кәсіподағы тарапынан Ұжымдық шарт негізінде қорғалған. Дөңгелек үстел ашылуында көпшілік назарына ұсынылған «Ғасыр жасаған ұйым» тақырыбында дайындалған кәсіподақ жұмысы туралы фильм тақырыптың маңыздылығын аша түсті.
Жиынды жергілікті кәсіподақ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков ашып, қоғамдағы әйел рөліне кеңірек тоқтала келіп, «Бүгін ұйымдастырылып отырған жиын жай басқосу емес мәнді-мағыналы пікір алмасу алаңы болады деген ойдамын», деп түйіндеді сөзін.
Жиын модераторы жергілікті кәсіподақ құқықтық қызметінің жетекшісі – бас инспектор Әлия Жолшыбекова болды. Келелі жиында баяндама жасаған Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының өкілі Индира Сакауова салалық кәсіподақтың еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясының жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда білім саласында еңбек етіп жүрген мұғалімдердің 82 пайызға жуығын әйелдер құраса, Қазақстан кәсіподағындағы 600 мыңнан аса мүшеснің 74 пайызын әйелдер екенін атап өтті.
Осыдан кейін сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, экономика, жергілікті өзін-өзі басқару, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Фарида Жүнісова кәсіпкерлік салада жүрген әйелдердің жетістігін тілге тиек етсе, облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылова отбасындағы жасырын трагедия: тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен алдын алу жайына тоқталды. Оның айтуынша, орталық 11 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталыққа жылда шамамен 280 адам көмек алуға жүгінеді екен. Мәселен, алдыңғы жылы орталықта 71 әйелге көмек көрсетілсе, өткен жылы 70 әйел орталық көмегіне жүгінген. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққта көбінде зардап шегетін балалар екен. Биыл орталық тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстары аясында 68 әйел өз отбасына қайта оралып, жанұясын сақтап қалған. Жалпы, облыстар зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсететін екі орталық жұмыс істейді.
Ал, Amanat партиясы Жамбыл облыстық филиалының әйелдер қанатының кеңесшісі Айман Әшімова «Білімді әйел ешқашан өзін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыратпайды» деген ұстанымын жеткізді. Бүгінгі күні білім саласында басым пайызға әйелдер қауымы ие екенін, мұндай тенденция партия құрамында байқалып отырғанын айта келіп, әлі де басшы лауазымында нәзікжандылар үлесінің төмен екенін жеткізді. Ол осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әйелдерді кәсіпкерлікке көбірек тартуда, олардың құқығын қорғауда Amanat партиясы әрдайым көмек көрсетіп, бағыт бағдар беруге, қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сөзінің қорытындысында «Білімді әйелдер қоғамның, отбасының тірегі», деп түйіндеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық алдын алу аясында облысымызда ай сайын зорлық-зомбылыққа қатысты іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Облысық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі бөлімшенің аға инспекторы Миясар Юсупованың айтуынша, 2025 жылы бұл санаттағы қылмыс 138-ден 160-ақ көбейген. Негізінен мұндай құқықбұзушылықтарға 25 пен 40 жас арасындағы отбасыларда орын алған. «Бізге қойылып отырған талап, мүмкіндігінше отбасылардың бұзылуына, екі жастың ажырасуына жол бермеу. Осы мақсатта біз дағдарыс орталғына жүгініп, олармен бірлесе жұмыс істеп, түсініспеушілік орын алған отбасын сақтап қалуға күш салудамыз. Орталыққа қайырылған отбасылардың көбі кейін қайта жарасып кетуде», деді инспектор. Сондай-ақ ол бүгінгі күні тұрмыстық зорлық-зомбылық қатарына цифрлық технологиялар арқылы жасалатын зорлық-зомбылықтың артып келе жатқанын өкінішпен жеткізді.
Келесі қатысушылар әйел құқығының ҚР Еңбек кодексімен қорғалуы, Білім беру саласындағы әйелдердің әділетті, қауіпсіз қоғам құрудағы рөлі жайлы сөз қозғады. Ал жиын модераторы еңбекші әйелдер-кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктеріне тоқталды.
Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласып, пікір алмасты. Дөңгелек үстелді жергілікті кәсіподақ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков қорытындылады.