Қаратау қаласында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Талас аудандық комитеті филиалының кезекті ІІІ пленумы өтті. Алқалы жиынға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов, облыстық кәсіподақ аппараты мен құқықтық қызмет өкілдері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Пленумның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – кәсіподақтың қоғамдағы рөлі, әлеуметтік әріптестік аясында жасалған Ұжымдық шарттың орындалу барысы және аудандық комитеттің 2025 жылы атқарған жұмысы жөнінде филиал төрағасы Әділ Смағұлов баяндама жасап, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету, ұжымдық шарт талаптарының орындалуы бағытында жүргізілген жұмыстарға тоқталды.
– Біздің санқырлы жұмыс бағыттарымыздың басымдық берілген тұсы филиал құрамындағы 62 бастауыш кәсіподақ ұйымына біріккен 3353 сала қызметкерінің құқықтарын қорғауға негізделді. Ұжымдық шарт аясындағы үлкен жетістіктің бірі – қызметтік бөлмелерді тазалаушылар мен аула сыпырушылар, ғимарат жөндеушілер үшін еңбек демалысына шыққанда бір лауазымдық жалақы көлемінде емделу жәрдемақысын алу құқығы, еңбек демалыстарының негізгі ұзақтығын 30 күннен кем емес етіп, зиянды жұмыс үшін қосымша ақылы 6 күн қосымша берілуіне қол жеткізгеніміз. Сонымен қатар, іс-жүргізуші мен хатшы мамандары көзделмеген мекемелерде осы аталған жұмысты қоса алып жүрген қызметкерлерге БЛЖ-дан 100 пайыз көлемінде қосымша ақының төленуіне қол жеткіздік. Осы және өзге де Ұжымдық шарттың талаптары нәтижесінде 2025 жылы кәсіподақ мүшелеріне қосымша ақылар мен ынталандыру ақыларына жұмсалған қаражаттың көлемі 161716967 теңгені құрады. Ол үшін аудандық білім бөліміне алғыс айтамын, – деді Әділ Ахметұлы.
Сонымен бірге, былтыр білім беру мекемелерінде еңбек заңдылығының сақталуын бақылау бойынша 55 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 331 құқық бұзушылық фактісі анықталғанын, кәсіподақ мүшелеріне қайтарылған, яғни экономикалық әсердің көлемі 10557527 теңгені құрап отырғанын да тілге тиек етті.
Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Казанғапов әлеуметтік әріптестік аясында еңбек қатынастары мәселелерін құқықтық тұрғыда бірлесіп шешу бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
– Былтыр әлеуметтік әріптестік комиссиясының 1, ал жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының 2 отырысы өткізілді. Бірқатар нәтижелерге қол жеткізілгенімен, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыру бағытында атқарар міндеттер аз емес. Осы бағыттағы бірлескен жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Мақсат Арапұлы.
Жиында бұдан бөлек Алғабас орта мектебінің директоры Жарқынбек Оразымбетов және М.Әуезов атындағы орта мектептің БКҰ-ның төрағасы Жанболат Нұртаев әлеуметтік әріптестік аясында атқарылған істерге тоқталды. Мұнан соң Пленум мен комитет құрамына өзгерістер енгізіліп, жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағалары комитет құрамына бекітілді. Келесі кезекте аудандық комитеттің 2025 жылғы қаржылық сметасының орындалуы және 2026 жылға арналған кіріс және шығын сметасы талқыланып, тиісті қаулы қабылданды.
Пленум жұмысын қорытындылаған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков облыстық ұйымның былтыр атқарылған іс-шараларымен таныстырып, құқықтық қорғау мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.
– Жергілікті кәсіподаққа жыл сайын 11 мыңнан астам арыз-шағым түсіп, олардың басым бөлігі әлеуметтік әріптестік аясында оң шешіледі. Ал, күрделі еңбек даулары сотпен шешіледі. Мысалы, қаржылық бақылау-тексеру органдарының актілері салдарынан құқығы бұзылған және шектелген 184 кәсіподақ мүшесінің мүдделерін қорғау аясында екі жарым жылға созылған іс кассациялық сотта қорытындыланып, 245 миллион теңге қаражатты ұстамау және қайтармауға қол жеткізілді. Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады. Бұл кәсіподақтың сала қызметкерлеріне нақты қолдау көрсетіп отырғанының дәлелі, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын соңында 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіподақ жұмысына белсенді қатысқан бірқатар кәсіподақ белсенділері марапатталып, үздік деп танылған бастауыш кәсіподақ төрағаларына туристік сапарларға сертификаттар табысталды.
Ұжымдық шарттағы нормалар заңмен тең
Сарыкемер тірек мектебінде Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Байзақ аудандық комитетінің ІІІ пленумы өтті. Есеп беру жиынына жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің өкілдері, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен комитет мүшелері қатысты.
Пленумды аудандық филиал төрағасы Елнұрбек Ермеков ашып, негізгі күн тәртібімен таныстырды. Аудандық білім бөлімінің өкілі Ботагөз Әлімбекова өткен жылы ауданда білім беру саласына 29 миллиард 291 миллион теңге бөлінгенін, 125 орындық «Жан-қуат» және «Еңлік-2» балабақшалары, Сарыбарақ ауылында 100 орынды мектеп ашылғанын, ал биыл Аққия ауылынан бой көтерген 100 орынды мектепті пайдалануға беру жоспарланғанын жеткізді. Мұнан бөлек білім бөлімі тарапынан істелген басқа да жұмыс барысы баяндалып, 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарт талаптары орындалатынын айтты.
Аудандық комитет төрағасы Елнұрбек Ермеков филиалға қарасты 74 бастауыш ұйымға біріккен 5445 сала өкілі үшін ұжымдық шарт аясында істелген жұмыстарға тоқталды.
– Жыл ішінде жоспарланған саналуан мазмұндағы іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Комитеттің 1 пленумы, атқару комитетінің 7 мәжілісі өтті. Кәсіподақ мүшелері ұжымдық шарттың сан-салалы бағыттағы игіліктерін көріп келеді. Мүшелік базаны нығайту мақсатында білім мекемелерін кәсіподақ қатарына тарту жұмыстары мақсатты жолға қойылған. Осы орайда, Сарыкемер ауылында жаңадан ашылып, жұмысын бастаған «МедИнкар» балабақшасында кәсіподақ ұйымы құрылды. Жеке меншік нысандағы ұжымның кәсіподаққа мүше болуы үлкен жетістік, – деп атап өтті Елнұрбек Ермеков.
Ал аймақтық құқықтық инспектор Ләззат Айтқұлова былтыр еңбек заңдылығының сақталуы бойынша 77 бақылау-тексеру іс-шарасын жүргізіп, еңбек заңнамасы талаптарының 90 бұзушылық жағдайы анықталып, 51 нұсқама мен ұсыныс берілгенін, жұмыс берушілерден 24 жазбаша жауап алынған айтты.
– Бұдан бөлек кәсіподақ мүшелеріне 1116 құқықтық көмек көрсетілді. Сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мақсатында 7 сот отырысында өкілдік жасадым. Бухалтерлік есеп-қисап аясында кеткен төлемдердегі айырмашылықтар анықталып, кәсіподақ мүшелерінің пайдасына қайта есептеу арқылы өндірілген сома 7 миллион 483 мың теңгені құрады, – деді Ләззат Ержігітқызы.
Ал, С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ләйла Тлеубергенова ұжымдағы кәсіподақ жұмысының барысымен таныстырып, комитет жұмысын оң бағалады.
Жиынды қорытындылаған жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұжымдық шарттың кәсіподақ мүшелері үшін артықшылықтарын баяндай келіп, оның нәтижесіне тоқталды.
– Ұжымдық шарттың нәтижесінде кітапханашылардың еңбек ақысына 35, медициналық қызметкерлер жалақысына 15-50, қаржы саласы мамандарының табысына 50 пайыздық үстеме қосылды. Ғимарат жөндеушілер мен техникалық қызметкерлер сауықтыру ақысын алады. Бұның барлығы Ұжымдық шарттың нәтижесі. Алайда, екі жыл бұрын қаржылық бақылаушы органдар тарапынан тексеріс жүргізіліп, есепшілерге төленген үстеме ақы заңсыз деп танылып, бюджетке қайтару міндеттелген. Бірақ, біздің заңгерлер екі жыл күресіп, сотта оның заңдылығын дәлелдеді. Сөйтіп, ұжымдық шартқа түскен нормалар заңмен тең екендігі желтоқсан айының 25 күні өткен сотта нақтыланды, – деп атап өтті Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын соңында тиісті қаулылар қабылданып, іс-шара соңы марапатқа ұласты.