Курстан кейінгі қолдау – педагогтің кәсіби өсуінің кепілі

0 8

Қазіргі педагог – әрдайым соңғы тенденциялардан хабардар адам. Бүгінгі білім беру нарығында педагогтер заманның сұранысына сай, қоғамға қажетті дағдыларды игерген түлектерді шығару үшін үнемі өзін дамытып отырғаны абзал. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің біліктілігін үш жыл сайын арттырып отыруды тапсырды. 

Елімізде мұғалімнің біліктілігін арттыру қажеттілігі заңнамамен бекітілген. Бұл, бір жағынан, барлық мұғалімдерді өздерінің кәсіби деңгейлерін жүйелі түрде көтеруге міндеттейді, ал, екінші жағынан, біліктілік арттыру процесі жұмыс берушінің, яғни мұғалімдер жұмыс істейтін білім беру ұйымының есебінен жүреді.

Ал, басқа елдерде бұл мәселе қалай жүзеге асырылатынына шолу жасап өтейік. Көптеген шет елдерде мұғалімдердің біліктілігін арттыру заңнамамен бекітілген. Мысалы, Нидерланды, Жапония, Лихтенштейн, АҚШ, Бельгия, Германия, Канада мемлекеттерінде біліктілік арттыру міндетті болып табылады. Алайда, көптеген мемлекеттерде (Дания, Италия, Франция, Норвегия, Люксембург, Швеция) ол қызметкердің қалауы бойынша ерікті түрде жүзеге асырылады екен. Австрияда мұғалімдер жылына кемінде 15 сағат, ал Голландияда 166 сағат біліктілігін арттыруға арнауы керек. Сингапур билігі мұғалімдерді жыл сайын 100 сағаттық біліктілікті арттыру курстарынан өтуге міндеттеген. Біліктілікті арттыру бағдарламаларына қатысатын мұғалімдердің саны әр елде әр түрлі. Мысалы, Еуропада мұндай мұғалімдердің ең көп пайызы Словенияда (76 пайыздан астам), Азияда (әсіресе, Корея ерекшеленеді, жылына шамамен 92 пайыз).

Осы ақпараттарға сүйене отырып, дамыған мемлекеттерде біліктілікті арттырудың маңызды белгісі – нарықтық экономика жағдайында мұғалім өзінің жеке бастамасын да, кәсіби дамуын да өз бетінше дамытуға дайын екендігін көреміз, педагог өзінің кәсібилік деңгейі үшін мемлекетпен бірге жауапкершілікті бөліседі.

Сонымен қатар, Финляндияда мұғалімдердің біліктілігін арттыруға қатысуы олардың жалақысы мен мансаптық өсуіне әсер етпейді. Жапонияда педагогикалық университеттер мен факультеттердің түлектері мектепке келер алдында жұмысын тағылымдамадан бастайды, яғни біліктілікті арттыру педагогикалық қызмет өтілін алғанға дейін басталады. Швециядағы бұл салада мемлекеттің бірыңғай міндеттері де, мемлекеттік бақылау жүйесі де жоқ. Германияда үздіксіз білім беру контекстінде келесі ерекшеліктер бар: педагогикалық қадағалау ұйымның екі деңгейінде жүзеге асырылатын инновациялық және қашықтықтан оқыту формасы ретінде: институционалды және институционалды емес («Виртуалды мектеп» жобалары, Schulweb, Lehreronline, Bildung -lline, E-Twinning, Lernmodule.net, педагогика бойынша онлайн вебинарлар және басқалар). Бұл форманың негізгі мақсаты – педагогтердің ақпараттық мәдениетін дамыту, олардың кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау. Ойлап қарасақ, біздің елде де осындай жұмыс жүйесі қалыптасқан.

Енді еліміздегі жағдайға келетін болсақ, мұғалімдер біліктілікті үздіксіз арттырудың қажеттілігімен келіседі. Сондықтан мұғалімдерге арналған оқу әлемнің әртүрлі елдерінде қалай ұйымдастырылғанымен салыстырғанда, біздің елде біліктілік арттыру жүйесінде барынша тиімді тәсілдер таңдалғанын көруге болады.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында 2022 жылдан басталған біліктілік арттыру курстарының мазмұны мұғалімдердің пәндік құзыреттіліктерін дамытуға бағытталуымен ерекшеленеді. Педагогтердің біліктілігін арттырумен қатар, оқудан өткен педагогтердің қызметін курстан кейінгі қолдау жұмысы жаңа форматта ұйымдастырыла бастады. Өйткені, курстардың практикалық құндылығын арттыратын да осы курстан кейінгі кезең болап саналады. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңы 5-бабының 38-1) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылы 28 каңтардағы №95 «Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтің кызметін курстан кейінгі қолдау кағидалары» бұйрығына сәйкес Педагогтердің қызметін курстан кейінгі колдау туралы ереже әзірленді.

Сонымен қатар, елімізде мұғалімдердің тәжірибесіне енгізіле бастаған, шетелдік оқыту әдістемесін және оқушылардың оқу тәжірибесін жетілдіріп, жақсартуда қуатты құрал ретінде танылған бірқатар тәсілдер таңдалды. Әрине, мұғалімге теория мен тәжірибе арқылы игеретін іскерліктерді 80 сағаттық курс мазмұнында қалыптастыру жеткіліксіз болуы мүмкін. Дегенмен курстан кейінгі қолдау арқылы осы құзыреттіліктерін қалыптастыруға мүмкіндік туып отыр.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында оқудан өткен таңдаушылардың санаттары бойынша курстан кейінгі қолдаудың «Action Research», «Lesson Study», «Learning Study», «Fasilitated action research» нысандары ұсынылатын болады.

«Action research» (іс-әрекетте зерттеу) – мұғалімнің  ақпарат жинау, кейіннен өзінің нақты оқу орнының жұмыс әдістерін, оқушыларды ерекше, яғни нақты тәжірибелік мәселелерді шешуге және осы мәселелерді шешудің жолдарын іздеуге бағытталған оқыту және білім беру тәсілдерін жетілдіру бойынша жүйелі  әрекеті.

«Facilitated action researd» (іс-әрекетте жеңіл зерттеу) нысанында бүкіл зерттеу кезеңі білім беру сарапшысының, фасилитатордың сүйемелдеуімен және колдауымен өтеді. Бастауыш мұғалімдеріне, балалар мекемелерінің тәрбиешілеріне қолдануға кеңес беріледі.

«Lesson studу» (сабақты зерттеу) – рефлексиялық сауалнама кезеңі. Мұнда мұғалімдер біріншіден, оқу бағдарламасын оқып, сауалнаманың максатын анықтайды. Екіншіден, сабақты жоспарлайды. Үшіншіден,  белгілі бір сынып жағдайында оқытады және деректер жинайды. Төртіншіден,  ойланады және оқу жоспарын қайта қарастырады.

Ал, «Learning study» (оқытуды зерттеу) нысаны  мұғалімдердің нақты оқу пәндерін меңгеруге көмектесу үшін педагогикалық білім мазмұнын бірлесіп құpy арқылы мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру арқылы оқушылардың оқу тиімділігін жақсартуға бағытталған бірлескен зерттеу тәсілі.

Педагог қызметін курстан кейінгі қолдау іс-шаралары тыңдаушының құзыреттерін дамыту бойынша кызметтің жеке жоспарын әзірлеу және іске асыру арқылы жүзеге асырылады. Қолдау жұмысы алдымен google кестесінде курстан кейінгі тәжірибеде мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін жеке дамыту траекториясының жоспарын әзірлеуден басталады. Екінші кезеңде AR, FAR, LS, LrS әдістері арқылы курстарда алынған білім мен дағдыларды қолдану тәжірибесі мен практикасын талқылау, тарату мақсатында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының базасында біліктілікті арттыру курсынан өткен педагогтердің қауымдастығы құрылып, филиал қызметкерлері қатарынан қауымдастық кураторлары бекітіледі. Педагогке әдістемелік колдау көрсету мазмұнына зерттеу жүргізу және зерттеу нәтижелерін жариялау кезінде кеңес беру, кері байланыс ұсына отырып, мұғалімдердің сабақтарына қатысу кіреді. Сондай-ақ курстан кейінгі қолдау нәтижелері бойынша «дөңгелек үстел» ұйымдастыру, оқытушының әдіснамалық қолдауымен (педагогтердің бастамасымен) вебинарлар, семинарлар, мастер-кластар өткізу міндеттелген. Сонымен қатар   педагогтердің БАҚ-та, ғылыми-әдістемелік басылымдарда, желілік ресурстарда курстан кейінгі қолдау нәтижелері жариялануы тиіс. Соңғы кезеңде педагогтің кәсіби қызметіндегі өзгерістерге қорытынды мониторинг жасау және талдау,  кәсіби даму тиімділігін зерттеу құралдарын әзірлеу, Гаски моделі бойынша педагогтердін кәсіби дамуға қажеттіліктерін анықтау үшін сандық және сапалық деректерді жинау және өңдеу жүзеге асады.

Курстан кейінгі қолдаудың нәтижесінде оқудан өткен педагог:

– біліктілікті арттыру курстарында алған құзыреттерді тәжірибеге енгізу бойынша педагогтерге қолдау алады;

– одан әрі кәсіби және мансаптық өсу үшін педагогтердің сұраныстары мен қажеттіліктеріне сәйкес келетін жеке білім беру траекториялары анықталады;

– «Action Research», «Facilitated action research», «Lesson Study», «Learning study» әдістері арқылы курстарда алған білімін қолданады және түрлі педагогикалық тестілеуден өту кезеңіне дайын болады;

– «LMS» платформасында виртуалды қауымдастықтың жұмысында еркін жұмыс жасай алады.

Педагогикалық жүйе мен педагогтердің құзыреттілігін кәсіби дамытуға бағытталған бастаманы бағалау қиын екені анық. Алайда, бүгінгі таңда Қазақстанда мұғалімдердің біліктілігі мәселесі өзекті болып табылады. Курстан өту кезінде педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытудың нәтижесі курстан кейінгі қолдау арқылы жалғасын табады.