Қазіргі таңда әлемдік дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан Қазақстан үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу басты ұлттық басымдықтардың біріне айналды. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында кеңінен қамтылды.
Жолдаудағы негізгі идея – цифрлық дамуды кең ауқымда жүзеге асыру және ЖИ технологияларын экономиканың барлық саласына енгізу арқылы Қазақстанды жаһандық бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыру. Осы ретте білім беру саласы да шет қалмай, технологиялық серпілістің алдыңғы шебіне шығуы тиіс екені айтылды.
Президент Жолдауына үн қосқан отандық жоғары оқу орындары арасында Шерхан Мұртаза атындағы Тараз халықаралық университеті көш басында тұр. Жақында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков оқу ордасында қолға алынып жатқан жаңашыл бастамалар жайлы жан-жақты баяндап берді.
– Президентіміздің биылғы Жолдауы ел дамуының стратегиялық бағдарына айналды. Соның ішінде цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту – болашақтың кілті. Біз осы бағытта нақты әрі батыл қадамдар жасап келеміз. Университетімізде «Жасанды интеллект» пәні оқу бағдарламасына ресми түрде енгізілді. Бұл – заман талабына сай, аса қажетті шешім, – деді ректор.
Сондай-ақ Махметғали Нұрғалиұлы аталған пәннің тек теориялық емес, практикалық негізде оқытылатынын, студенттер жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуді үйреніп қана қоймай, оны нақты салада қолдануға машықтанатынын жеткізді.
Ректордың айтуынша, университеттің басты мақсаты – жаңа технологияларды тиімді меңгерген, оны қоғам игілігіне пайдалана алатын білікті ІТ-мамандарды даярлау. Сонымен қатар, студенттерге бағыт-бағдар беріп, оларға цифрлық сауаттылықты терең үйрету де оқу үдерісінің негізгі бөліктерінің бірі.
– Жасанды интеллект адамзатқа қауіп төндіреді, жұмыссыздықты арттырады деген пікірлер негізсіз. Себебі, ЖИ-ді де ойлап тапқан, басқарып отырған – адам. Демек, оны тиімді пайдалану үшін адам санасы мен білімі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, біз білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге міндеттіміз, – деді спикер.
Жолдаудағы негізгі бағыттардың бірі – цифрлық трансформацияны ұлттық идея деңгейіне көтеру. Бұл орайда, еліміздің технологиялық дамуы кешенді әрі жүйелі түрде жүзеге асып жатқаны байқалады. Цифрлық даму саласында Қазақстан бүгінде ТМД елдері арасында алдыңғы қатарда.
– Қазақстан жаңа технологияларды енгізуде кешенді шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі. Бұл бағытта жоғары оқу орындарының да жауапкершілігі зор. Сондықтан цифрлық қоғамға бейімделген, өз ісінің майталманы болатын жастарды тәрбиелеу – біздің басты борышымыз, – деген Махметғали Сарыбеков жоғары оқу орнының келешекке жоспарлаған тың жобалары мен серіктестік байланыстары туралы да ақпарат берді.
Баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері университет ректорына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толық жауап алды.