Дуальды оқумен қамтылған студенттер саны артты

0 2

Кәсіптік білім – өндірістік тәжірибемен ұштасқанда ғана нәтижелі. Бұл ұстаным бүгінде еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кеңінен жүзеге асып келеді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2025–2026 оқу жылында дуальды оқыту жүйесімен қамтылатын студенттердің саны 135 мыңға жетпек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 мыңға артық.

Дуальды оқыту – теория мен практиканы тиімді ұштастыратын білім беру форматы. Бұл жүйеде студенттердің оқу уақытының 60%-ы нақты өндіріс орындарында өтеді. Мұның нәтижесінде, жас мамандар тек оқулықпен ғана емес, нағыз өндірістік ортада тәжірибе жинақтап, кәсіби машықтарын дамытады.

Қазіргі таңда еліміз бойынша 552 колледж және 18 мыңнан астам кәсіпорын дуальды білім беру үдерісіне белсенді қатысып отыр. Бұл кәсіпорындар негізінен машина жасау, құрылыс, энергетика, ақпараттық технологиялар және сервис салаларында жұмыс істейді. Демек, бұл жүйе арқылы болашақ мамандар жоғары сұранысқа ие салаларда білім мен тәжірибені қатар меңгереді.

– Дуальды оқытуды дамыту – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі стратегиялық бағыттардың бірі. Бұл формат жұмыс берушілер мен оқу орындарының тығыз ынтымақтастығын талап етеді. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс аясында білім алған колледж түлектерінің 70 пайыздан астамы оқуын аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасып жатыр, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

2024 жылы дуальды форматта оқуын тәмамдаған 30 мыңнан астам түлектің 71%-ы бүгінде өз мамандықтары бойынша еңбек етіп жүр. Бұл көрсеткіш жүйенің тиімділігін нақты айғақтайды.

Алдағы жылдары бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, 2027 жылға дейін дуальды оқумен қамтылған студенттердің үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта халықаралық тәжірибеге негізделген нақты жобалар қолға алынуда. Соның бірі – Германияның Эрфурт университетімен бірлесіп Халықаралық дуальды оқыту орталығын ашу бастамасы. Сонымен қатар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен тәлімгерлік институтын дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі еңбек нарығы тәжірибелі, бәсекеге қабілетті мамандарды талап етеді. Сондықтан, колледждер мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты арттыру – уақыт талабы. Дуальды оқыту жүйесі арқылы бұл мақсатқа қадам басқан еліміз кәсіби білім беру ісінде жаңа деңгейге көтеріле алады.