Балабақша білім мен тәрбиенің алғашқы сатысы. Себебі, мұндағы білім баланың қарым-қабілетін ерте жастан анықтайды, ал, мұндағы тәрбие баланың тал шыбықтай болмысының түзу өсуіне тікелей әсер етеді. Мән беріп қарасақ, оқушының бастауыштағы білім мен білік дағдысының деңгейі мектепке дейінгі тәрбиесі мен білімінен айқындалады. Ал, қазіргі таңда балалар бақшасы баланы жан-жақты дамыту бағытында үлкен жұмыстар жасауда. Шу ауданының орталығы Төле би ауылында орналасқан іргелі балалар мекемесінің бірі – «Жангүлім» бөбекжай бақшасында болғанымызда осыны байқадық.
Алыстан-ақ ғимаратының ауқымдылығымен, ауласының кеңдігімен, қабырғаларының түрлі түске боялған суреттерімен көзге түсетін, менмұндалап тұрған әсем балабақша баланың көңілін бірден аударатыны анық. Ашылғанына көп уақыт өте қоймаған мекеменің бүгінде ауқымы кеңейіп, қос қабатты қосымша ғимараты салынып үлгеріпті. Себебі, бұл балабақшаны таңдаған ата-ана көп, тіпті тұрғылықты жерінен қашық орналасса да баласының сапалы білім мен тәрбие алуы үшін осында жетектеп келеді екен. Сондықтан да алғашқы жылдары 100 баламен жұмысын бастаған мекеме қазіргі таңда 230 баланы қамтып отыр. Яғни бес жылда бала саны 130-ға артып отыр. Бұл сұраныстың көптігін көрсетеді.
– Қазіргі таңда балабақшада тоғыз топ бар. Олардың қатарында жасы ең кіші бүлдіршіндерге арналған «ясель» тобы да, мектепке даярлайтын үлкен топ та бар. Мекемеде он жас маман еңбек етуде. Жас мамандардың жаңашылдыққа бейімділігі жоғары және кәсіби тұрғыда дамуға мол мүмкіндіктері бар. Жас ұжым болсақ та, биылғы жылдың басында өңірлік деңгейде экология тақырыбында аймақ көлеміндегі балабақшаларға арнап ауқымды семинар ұйымдастырдық. Сонымен қатар, ағымдағы жылы облыстық «Үздік педагог» байқауында педагогымыз Лейла Владимирқызы жүлделі ІІ орынды иеленіп, ұйым мен ұжым абыройын арттырды. Балабақшада тәрбиешілер заманауи үлгідегі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып жұмыс атқарады. Яғни, балалардың қызығушылығы мен жас ерекшелігін ескере отырып, ойын, қимыл-қозғалыс, көрнекілік, әңгімелеу, сұрақ-жауап, практикалық әдістерді кеңінен қолданады, – дейді балабақша құрылтайшысы Гүлмира Диханбекқызы.
Бұл білім мен тәрбие ошағында жобалық әдіс ерекше орын алады екен. Бұл тәсіл балалардың шығармашылықпен ізденуіне, топ болып жұмыс жасауына ең тиімді әдіс көрінеді. Олар белгілі бір тақырып аясында тәжірибе жасап, сурет салып, қолөнер бұйымдарын дайындайды, табиғатты бақылайды. Қазіргі таңда енгізілген экологиялық жоба аясында бүлдіршіндерге табиғатты қорғау, өсімдіктер мен жануарларды аялау, қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу сынды маңызды түсініктер беріледі. Сонымен қатар, «Жангүлім» балабақшасында интерактивті технологияларға да ерекше назар аударылуда. Балалар интерактивті тақта арқылы суреттермен, бейнематериалдармен жұмыс істеп, түрлі танымдық ойындар ойнайды. Жаңа бағыт – «3D» модельдеу арқылы оқыту енгізіліп, бүлдіршіндердің кеңістіктік ойлау қабілеті, қиялы мен шығармашылығы дамуда.
«Жангүлім» – тәрбие мен білім беру орталығы ғана емес, сонымен қатар инновацияны күнделікті тәжірибеге енгізіп отырған алдыңғы қатарлы балабақшалардың бірі. Айта кетерлігі, балабақшада балаларды оқытуда жаңа технологиялар мен инновацияларға баса мән берілуде. Өйткені цифрлық дәуірде өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпаққа цифрлық сауаттылықты үйрету – басты міндет.
– Әрбір ата-ана үшін баласының бақыты мен денсаулығынан артық байлық жоқ. «Жангүлім» балабақшасы да осы қағиданы басты ұстаным етіп, әрбір бүлдіршінге барынша қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға күш салып келеді. Балабақша қабырғасында жақында ерекше бір қуанышты жаңалық орын алды, яғни балаларға арналған тұзды шахта ашылды. Ата-аналар да мұны қуана қабылдады, өйткені тұзды бөлме балалардың иммунитетін нығайтып, тыныс алу жолдарын жақсартады. Әрине, мұнымен шектелмейміз. Алдағы уақытта балабақшаны оттегі коктейльдерімен қамтамасыз етуді және шағын оранжерея салуды жоспарлап отырмыз. Оранжереяда балалар өсімдіктерді өз қолымен күтіп-баптап, табиғатқа қамқорлық жасауды үйренетін болады. Бұл – әрі тәрбие, әрі денсаулық кепілі, – дейді балабақша басшылығы.
Баланы балабақшаға берерде ең алдымен қауіпсіздігіне баса назар аударатынымыз жасырын емес. Ал, соңғы жылдары балабақшаларда бақылау күшейгені белгілі. Осыған байланысты жақында мұнда да ата-аналарға бейнебақылауды қашықтан көру мүмкіндігі беріліп отыр. Енді әрбір ата-ана баласының күнделікті уақытын бақылап, тыныштығына көз жеткізе алады. Бұл – ата-аналарға сенімділік сыйлап, ортақ жауапкершілікті арттыра түсетін қадам.
Балабақша өмірі тек балалардың ғана емес, ата-аналардың да белсенді қатысуымен мәнді бола түседі. «Жангүлімде» ата-аналармен жиі кездесулер, ашық есік күндері, мерекелік шаралар ұйымдастырылып тұрады. Осындай сәттерде ата-аналар балаларының жетістігін өз көзімен көріп, педагогтармен пікірлеседі. Бірлескен жобалар мен шағын мерекелер балалардың жүзінен шаттық пен сенімділікті айқын көрсетеді.
– Менің қызым екі жылдан бері осы балабақшаның тәрбиеленушісі. Біз өзіміз Тельман елді мекенінің тұрғынымыз, тұрғылықты жерімізде балабақшалардың барына қарамастан қашық болса да «Жангүлім» бақшасын таңдадық. Себебі, мұнда балаларға барлық жағдай жасалған: іші таза, тасымалдау қызметі уақытылы және қауіпсіз жұмыс жасайды, тамақтары дәмді әрі пайдалы, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға тегін қызмет көрсетіледі. Ал, ең маңыздысы педагогтердің педагогикалық тәсілдерді қолдана білу сауаттылығы жоғары екендігі. Еліміздің білім талаптарына сай мектепке дейінгі білім беру, қазіргі заман талабына сай білімді ұрпақ тәрбиелеу – тәрбиешілердің еншісінде. Сондықтан балабақша ұжымы мықты құраммен жасақталғанын айта кеткім келеді, – дейді ата-аналар атынан пікір білдірген ана Анар Тұрлықожа.
Балалардың білім жолын ашып, көкжиегін кеңейтіп отырған «Жангүлім» балабақшасы әркез ата-аналардың ризашылығына бөленіп келеді. Бұл дегеніміз, бала бойында білім мен тәрбиені дұрыс қалыптастыруда, сапалы балабақша таңдауда ата-ананың жасаған дұрыс таңдауы деуге негіз бар.