Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы жиын барысында Жетісу облысы республика бойынша үздік үштіктің қатарында екенін айтты. Сонымен қатар, аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өзекті мәселелердің шешілу жолдары жан-жақты сөз болды.
Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, былтырдан бері 193,4 шақырым суару арналарына жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Бұған қоса, жылдар бойы қараусыз қалған каналдарды тазалау ісі де қолға алынған. «Жұмыстар әлі де жалғасып жатыр», деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, басқосуда тұрғын үй және инфрақұрылым мәселесі жайлы да айтылды. Ресми мәліметке сәйкес ауданда қазір 1393 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл бағытта мемлекет қолдауымен жыл сайын жаңа баспаналар берілуде. Атап айтқанда 2023 жылы – 60 үй, былтыр 70 үй берілсе, биыл әлеуметтік осал топтарға арналып жалға берілетін 110 пәтердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұдан былай тұрғын үй кезегіне тұру үшін тұрғындар жергікті әкімшілікке бармайды. Азаматтар «Отбасы» банк филиалына тиісті құжаттарын өткізіп, баспана кезегіне тіркеледі. Әкімдік тек үй салып, осы мекемеге өткізетітін жеткізді облыс әкімі.
Бейбіт Өксікбайұлы сумен қамту мәселесінде де оң өзгерістер бар екенін айтты.
– Аудандағы 35 елді мекеннің 33-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Қазан айында Ұмтыл ауылының тұрғындары да таза ауызсуға қол жеткізеді. Қанабек ауылында ауызсу жүйесі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Көп жылдардан бері шешімін таппай келген Көпбірлік ауылының ауызсу мәселесін жақсарту үшін тұщыландыру құрылғысы орнатылды, – деп атап өтті Б. Исабаев.
Жол инфрақұрылымына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыс әкімі уәде еткен 176 шақырымдық «Үштөбе-Көпбірлік» тас жолы толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Енді кезең-кезеңімен жергілікті маңызы бар ауылішілік жолдар жөнделмек. Айтып өту керек, облыс басшысы өз сөзінде Талдықорған-Үштөбе бағытындағы тас жолдың ескіріп, тозып кеткенін айтты. Аудан әкімі Ұлан Досымбековке жолды жаңарту бойынша тапсырма берді.
Әлеуметтік салада айтарлықтай нәтижелер бар. Соңғы екі жылда ауданда 20 әлеуметтік нысан салынып, тағы 6 нысанға күрделі жөндеу жүргізілген. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларының дамуына серпін беріп отыр.
Кездесу барысында аудан тұрғындары көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімімен ашық диалог барысында Бастөбе ауылының тұрғыны Ләзат Ғалымбекова кәріз жүйесіне байланысты мәселені көтерді. «Үштөбе қаласының кәріз жүйесіне тазарту жұмыстары әзір қолға алынбағандықтан көптеген үйлер кәріз жүйесіне қосыла алмай отыр. Осы мәселені назарға алсаңыздар», деп сөзін түйіндеді жергілікті тұрғын. Бұл проблема бойынша аудан әкімі жобаның жобалық-сметалық құжаттары дайын екенін, келесі жылға бюджеттік өтінім беріледі деп жоспарланып отырғанын айтты. Өз кезегінде облыс әкімі жауапты сала басшыларына құрылыс жұмыстарын екі жылға жоспарлап, мәселені түбегейлі шешуді тапсырды.
Бұған қоса, Үштөбе қаласының тұрғыны Гүлнар Қожабекқызы аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру мәселесін көтерді. Бейбіт Өксікбайұлы бұл ұсынысты зерделеп, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қарастыруды аудан әкіміне жүктеді.
Кездесу соңында Қаратал ауданының Құрметті азаматы, облыс бойынша «Үздік бата беруші ақсақал» атанған Рахымғали Өтегенов өзінің батасын беріп, жиналған жұртшылық ризашылықпен тарқасты.