Аналар – ұлт тәрбиесінің темірқазығы

0 3

Жамбыл облысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи жұмыс сапарымен болып қайтты.

Жақында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен кездесуде ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақ тәрбиесінің өзекті мәселелерін көтеретін Аналар кеңесінің маңыздылығы кеңінен талқыланды. Жиынға облыстық және аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен серіктес мекемелердің жетекшілері қатысты. Кездесуге Жамбыл облысы Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали модераторлық етті.

Жиын барысында сөз алған Нәзипа Ыдырысқызы кеңестің қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстары жайлы кеңінен баяндап, аналардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, отбасындағы тыныштық, ұлттық тәрбиенің беріктігі мен саналы ұрпақ өсіруде аналардың үлесі зор. Сонымен қатар, ерте жүктіліктің алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Этностар тығыз орналасқан ауылдық жерлерде кеңес жұмысын жандандыру қажеттігі айтылды.

Кездесу барысында бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған – тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмған әйелдердің статистикасы да сөз болды. 2024 жылдың өзінде елімізде 133 әйелдің тұрмыстық жағдайда қаза табуы – бұл мәселеге терең мән беруді қажет ететінін көрсетті. Осыған байланысты аналар тарапынан бала тәрбиесі, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, отбасындағы өзара түсіністік тақырыптары кеңінен қозғалды.

Басқосу аясында 2026 жылы Жамбыл облысында өткізілетін ҚХА Аналар кеңесінің дәстүрлі республикалық форумына дайындық барысы да талқыланып, нақты жоспарлар пысықталды.

Жиын соңында қоғамдағы отбасы институтын нығайту, ұлт болашағы – жастарды рухани-адамгершілікке, патриоттық тәрбиеге баулу жолында еңбек етіп жүрген бірқатар аналарға «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалі табысталды. Марапаттарды Нәзипа Шанаи мен облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы салтанатты түрде табыстады.

Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, алдағы уақыттағы бірлескен жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты.