Соңғы уақытта Қазақстанда банк карталары арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер күрт көбейді. Бұл туралы Ұлттық банк дабыл қағуда. Қаржы реттеушісі әсіресе, жастар мен зейнеткерлердің алаяқтық схемаларға тартылу фактілері жиілегенін мәлімдеді.
Ұлттық банктің хабарлауынша, теріс пиғылды алаяқтар азаматтарды оңай әрі жылдам табысқа уәде беріп, банк карталарын және олардың реквизиттерін, сондай-ақ мобильді қосымшадағы жеке деректерді үшінші тұлғаларға беруге көндіреді. Көп жағдайда азаматтар мұндай заңсыз әрекеттерге білместіктен немесе ақшалай сыйақы үшін саналы түрде қатысады. Олар «дроппер» атанып, алаяқтардың құралына айналып отыр.
Қарапайым тілмен айтқанда, «дроппер» — өзінің атына банк шотын немесе картасын ашып, оны үшінші тұлғаларға заңсыз мақсатта пайдалануға беретін адам. Мұндай тұлғалар көбінесе ұрланған немесе алаяқтық жолмен иемденген қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қажет.
Алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы байланысқа шығып, картаның 16 таңбалы нөмірін, жарамдылық мерзімін, «CVV/CVC» кодын және мобильді банкингке кіру деректерін сұратады. Бұл мәліметтер қолына тиген соң, олар заңсыз қаржы операцияларын іске асырып, банктік жүйе арқылы қылмыстық жолмен табылған қаржыны жымқырады.
Ұлттық банк Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, «дропперлік» схемаларға қатысу қылмыстық құқықбұзушылық болып табылатынын ескертеді. Яғни, азаматтар өз банк картасын пайдалануға бергені үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Қаржы реттеушілері азаматтарды аса сақ болуға, бөтен адамдарға картаның деректерін, әсіресе «CVV-код» пен мобильді қосымшаға кіру мәліметтерін бермеуге шақырып отыр. Егер күмәнді ұсыныстар түссе, дереу банкпен құқық қорғау органдарымен байланысыңыз. Ал, картаңыз жоғалған немесе заңсыз пайдаланылған жағдайда оны бірден бұғаттап, банкке хабар беріңіз.
Жылдам табыс туралы уәделердің артында көбіне қылмыстық әрекеттер тұрады. Бөтен адамдарға банк картасының реквизиттерін беру — тек жеке қаржыңызға ғана емес, бостандығыңызға да қауіп төндіруі мүмкін. Заң алдында әркім өз әрекетіне жауапты екенін естен шығармаңыз.