Астанада жайлы мектептер саны артып келеді

0 4

Өткен оқу жылында елордада 24 мектеп пайдалануға берілген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Аталған білім ошақтары екі ауысымда 66 мың оқушыны қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Оның ішінде 16 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге осы жаңа мектептердің құрылысымен танысып шықты.

Мектептер қаланың әр ауданында бой көтеріп жатыр, бұл өз кезегінде тұрғындар үшін қолжетімді әрі тең білім беру жағдайын қалыптастыруға жол ашады.

– Жаңа оқу жылы басталғанға дейін тағы 15 мектеп ашу жоспарлануда. Оның ішінде 7 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында тұрғызылуда. Бұл қосымша 28 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 4 үш ауысымды және 7 шамадан тыс толы мектептің жүктемесі азаймақ, – деді қала әкімі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жүзеге асырылып жатқан бұл бастама елорданың білім беру инфрақұрылымын айтарлықтай жаңартып отыр. Жыл соңына дейін Астанадағы «Жайлы мектептердің» жалпы саны 24-ке жетпек. Сонымен қатар, мектептерден бөлек, балабақшалар, оқушылар сарайы мен басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жүргізілуде.

Бұл жұмыстар елорданың білім саласындағы проблемаларын жүйелі түрде шешуге, балалардың сапалы және қауіпсіз білім алуына жағдай жасауға бағытталған.