«Ведомствоаралық өзара іс-әрекет» модулі қолданысқа енгізілді

0 6

«Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінде оқыту бойынша» мемлекеттік қызметтің бизнес-процесінің реинжинирингі жүзеге асырылды. Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, ол енді электрондық кезек құру арқылы жүзеге асады. Бұл әскери комиссариаттарда лауазымды адамдардың оқу топтарын өз қалауымен толықтыруын болдырмайды. Осылайша, оқуға жіберу туралы шешім қабылдау ашық түрде іске асады да, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді.

Сонымен қатар, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардан босатылған азаматтарды мемлекеттік қызмет көрсету арқылы әскери есепке қою қажеттілігінен босату үшін 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ведомствоаралық өзара іс-әрекет» модулін тәжірибеде қолдану басталды.

«Осы модульді қолдану аталған мемлекеттік органдарға қызметке қабылданған азаматтарды әскери есептен шығаруға, запасқа шығарылғандарды – әскери комиссариаттарға тиісті қағаз хабарламалар жібермей-ақ және азаматтардың өздері бармай-ақ есепке қоюға мүмкіндік береді. Биыл 600 мыңнан астам қызмет көрсетілді, оның ішінде, 564 мыңнан астамы проактивті форматта», – дейді Дархан Мейрамұлы.

Сонымен қатар, Министрлік цифрландыруды жетілдіру мақсатында «ARMIA.KZ» сервисін іске қосқан болатын. Іздеу жүйелерінде бұл сервис 75 мыңнан астам рет қаралып, 9 мың қолданушы тіркелген. Кіріктірілген жасанды интеллект қазірдің өзінде 2 мыңнан астам сұранысты өңдеді. Қазіргі уақытта «ARMIA.KZ» әр түрлі платформаларда қолжетімді әскери қызмет туралы ақпараттың әмбебап көзі болып табылады.

Қорғаныс министрлігі мемлекеттік органдар арасында алғашқылардың бірі болып «ARMIA.KZ» ассистенті – Ұлттық жасанды интеллект платформасы негізінде Жасанды интеллект құрғанын атап өтуге болады. Ол әскери қызметке шақыру сапасын арттыруға, әскери объектілердің қорғаныс қабілетін жақсартуға, жауынгерлік даярлық процесін оңтайландыруға бағытталған.

Қазіргі таңда Жасанды интеллекті қолдана отырып, бейне деректерді автоматты талдау жүйесін енгізу жүзеге асырылуда. Мысалы, алдын ала сынақтар жүргізіліп жатқан «Бес қару» жобасы барлық деңгейдегі жауынгерлік дайындық туралы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік беретін жауынгерлік дайындықты жоспарлау, есепке алу және талдау процестерін автоматтандыру платформасы.

«Smart әскери комиссариат» әскерге шақыру жасындағы азаматтарды медициналық куәландыруға келу қажеттігі туралы хабарландыру үшін іріктеуді жүзеге асырады. Жасанды интеллект белгілі бір критерийлер мен бұрын шақырылған әскери қызметшілердің мәліметтер базасы негізінде жедел әскери қызметке шақырылуы тиіс азаматтарды ғана хабардар етеді деп күтілуде.

Ал, Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері үшін құрылған чат-бот қызметкерлерге ішкі ережелер мен стандарттарды сақтай отырып, көптеген құжаттаманы бағдарлауға көмектеседі. Сондай-ақ отандық технологияларды қолдап, дамыту мақсатында «Defense Tech» кеңсесі іске қосылып, жұмыс істей бастады.