Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл – қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін көтеріп, кәсіптік-техникалық білім беруді жаңғыртуға бағытталған маңызды стратегиялық қадам. Осы орайда, еліміздің әр өңірінде түрлі ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі – Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында ұйымдастырылған «Жұмысшы мамандықтарының» фестивалі болды.
Аталған фестивальге Солтүстік Қазақстан облысының 20 колледжі қатысып, өздерінің оқу бағдарламаларын, материалдық-техникалық базасын, болашақ студенттерге ұсынатын мүмкіндіктерін таныстырды. Іс-шара аясында жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқудың артықшылықтары, жұмысқа орналасу жолдары мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы кең көлемде ақпарат берілді.
Фестиваль жұмысына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, кәсіптік білімнің даму бағыты мен облыстағы кадр даярлау ісінің өзекті мәселелеріне тоқталды.
– Бүгінде өңіріміздегі 15 колледж 16 жаңа мамандық ашу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Оның ішінде 14-і – жұмысшы мамандықтары. Жақын арада дәнекерлеуші, электрик, токарь, наубайшы және тағы басқа сұранысқа ие мамандарды даярлау басталады, – деді өңір басшысы.
Солтүстік Қазақстан облысында жұмысшы кадрларға деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Осы қажеттілікті ескере отырып, 2025 оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысы 105 грантқа ұлғайтылып, жалпы саны 1742 орынға жетті. Бұл – жастарға кәсіптік білім алуға қосымша мүмкіндік, ал өндіріс орындары үшін – жаңа кадрлар легі.
Петропавл қаласында жұмыс берушілердің бастамасымен және қолдауымен жалпы білім беретін мектептерде «автослесарь» мен «электрик» бейінді сыныптары ашылуда. Бұл – кәсіби бағдарлаудың жаңа форматы, еңбекке ерте араласудың тиімді жолы.
Жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру мақсатында облыста бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, колледждерде «Junior Skills», «Үздік мамандық иесі» сынды сайыстар тұрақты түрде өткізіледі. Соңғы жылы бұл конкурстарға 7 мыңға жуық түлек қатысып, өздерінің кәсіби қабілеттерін шыңдады. Бұдан бөлек, 29 мың мектеп оқушысы зауыттарға экскурсия жасап, өндірістің қыр-сырын көзбен көріп қайтты.
Елімізде жұмысшы мамандықтарын насихаттайтын халықаралық деңгейдегі беделді жоба – «WorldSkills» чемпионаты аясында өңірімізде 3 мыңға жуық жас маман бақ сынады. Республикалық кезеңде солтүстікқазақстандық студенттер 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль иеленіп, өздерінің мықтылығын дәлелдеді.
Жыл соңына дейін өңірде кәсіби шеберлік сайыстары, жас көшбасшылар форумы, шеберлік сабақтары және жаңа мамандықтар атласын әзірлеу сынды бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырылады. Мұндай бастамалар жастардың жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасын өзгертеді, қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін өсіруге ықпал етеді.
Фестиваль – жастарға дұрыс бағыт беріп, болашақ мамандығын таңдауға шабыт сыйлаған жарқын шара болды. Бұл бастамалар арқылы елімізде жоғары біліммен қатар кәсіптік білімнің де өз орны бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.