Теміржол электрмонтері

0 6

Қоғамда энергетика көбіне ерлерге тән деп саналса да, Қазақстанда бұл стереотипті бұзып жүрген әйелдер бар. Солардың бірі – «Tranco IRT» ЖШС-нің Қушоқы кентіндегі филиалында еңбегіне ел сүйсінген ерекше электрмонтер Мақпал Ахмедьянова.

Мақпал Боранбайқызы теміржол бойында дабылды орталықтандыру және бұғаттау құрылғыларын жөндейді. Қарағандыдағы политехникалық колледжде білім алған ол – электрмеханик. Оның айтуынша, әйелдер де бұл салада табыс­ты жұмыс істей алады. Бастысы – кәсіби біліктілік пен жауапкершілік. Оған қоса, электроникадағы мұндай мысалдар әйелдердің техникалық мамандықтарда да табысты бола алатынын көрсетеді.

Он жыл бойы теміржол электрмонтері болған ол кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп, еңбекқорлығының арқасында әріптестерінің құрметі мен сеніміне ие.

– Маған жұмысым ұнайды, өйткені біз адамдарға жылу мен жарық береміз. Біздің міндет – жабдықты бақылау, жүктемені бөлу, сондықтан, электр энергиясы толық жеткізіледі. Қушоқы кентінің тумасы болғандықтан, кішкентайымнан теміржолды көріп, естіп, білдім. Оқуымды тәмамдаған соң, көп күтпей осында жұмысқа орналас­тым, – дейді Мақпал Боранбайқызы.

Жас маманның жұмысына деген жауапкершілігі, кәсіпке деген құрметі сөзінен әрі ісінен анық аңғарылады. Биылғы жылдың «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялануы өзі сияқты еңбек адамдары үшін қолдау екенін, өндірісте жүрген мамандардың еңбегі еленіп, қоғамда беделі арта түссе, жастардың техникаға қызығушылығын оянатынын айтады.

– Президент «Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам! Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам – еңбек адамы! Ол – дихан, ол – малшы ма, ол – жазушы ма, бәрібір. Маңдай терін төгіп жұмыс істеген әрбір адам – қадірлі!» деп атап өтті. Бұл бастама тек жұмысшы мамандықтарын қолдаумен шектелмей, бүкіл қоғамның еңбек мәдениетін өзгертуге ықпал етеді. Алдағы жылдары қолға алынған шаралар еңбек нарығында теңгерім орнатуға, жастардың кәсіби бағдарын дұрыс қалыптастыруға және өндірістік саланы жоғары сапалы кадрлармен қамтамасыз етуге негіз болады, – дейді Мақпал.

Қуат көзімен жұмыс істейтін кез келген маман үшін қауіпсіздік бірінші орында тұрады. Электрмонтерлердің жұ­мыс күні әрқашан қауіп-қатерге толы. Электр қуатымен байланыс жасау, оның ақауларын тауып, жөндеу – зор шеберлікті, білім мен жауапкершілікті талап етеді.

– Энергетика саласында негізінен ер адамдар жұмыс істейді. Ауыр сөмкемен ауа райында нысандарға бару, апаттарды жою, күрделі есептеулер жүргізу әйелге тән емес секілді көрінеді. Әрине, әсіресе әртүрлі төтенше жағдайларда тіптен қиын. Бірақ, басқа салада мен өзімді елестете алмаймын. Бұл мамандыққа қызығушылық танытқан адам алдымен электр жүйелері мен құрылғыларын терең меңгеруі қажет. Электрмонтер мамандығы көптеген техникалық білім мен дағдыларды талап етеді. Мамандар арнайы оқудан өтіп, сапалы теориялық білім мен тәжірибе алады. Сонымен қатар, электрмонтер еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін үнемі жаңашылдықты қабылдай алатын, инновациялық технологияларға бейім болғаны жөн, – дейді ол.

Қазір Мақпал 4-разрядты электрмонтер ретінде күрделі құрылғылармен жұмыс істейді. Әріптестері оны жауапкершілігі мен ұқыптылығы үшін жоғары бағалайды. Ол жұмыс орнында тәртіп пен тазалықты сақтап, цехтың жайлы болуына үлес қосады. Ал, үйде тұрмыстық істермен айналысып, отбасылық өмірді бірінші орынға қояды. Оның өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен табандылығы көптеген жас мамандарға үлгі.