Облыс прокуратурасында құқық қорғау органдарының топтық қылмыстармен күресі мен оның алдын алуға бағытталған шаралар талқыланды. Жиында өңірдегі қылмыстық ахуал жан-жақты сараланып, жүйелі проблемалар мен нақты шешімдер қарастырылды.
Басты назар ұйымдасқан қылмыс түрлеріне аударылды. Мемлекеттік шекарадағы сыбайлас жемқорлық фактілері, экономикалық саладағы заңбұзушылықтар мен есірткі айналымы — қоғам үшін ең қауіпті қылмыстардың қатарында екені айтылды.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің жетекшілігімен құрылған тәжірибелі мамандардан құралған жедел жұмыс топтары бірнеше ауыр қылмыстық істі ашуға ықпал етті. Мәселен, Шу ауданында есірткі сатумен айналысқан ұйымдасқан топ ұсталып, қатысушылары сот үкімімен жауапқа тартылды.
Сонымен қатар, өңірде ұзақ уақыт бойы бопсалау, қару сақтаумен қатар, есірткі тарату және бизнесті бақылауға алу арқылы табыс тапқан 9 адамнан тұратын тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. 2025 жылдың басында бұл топтың жетекшісі мен мүшелері сот үкімімен ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Тағы бір ірі іс-шара барысында синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана анықталып, есірткіні ел аумағына тарату арнасы жойылды.
Құқық қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша топтық қылмыстар 9,6 пайызға артқан (280-нен 307 дерекке дейін). Бұл өз алдына үлкен қауіп екенін көрсетеді.
Дегенмен, қабылданған кешенді шаралардың тиімділігі көріне бастады. 2025 жылдың алғашқы айларында топтық қылмыстардың саны 22,1 пайызға қысқарып, 113 деректен 88-ге дейін азайды. Бұл нәтижеге қол жеткізуге облыс прокуратурасының «Есірткісіз болашақ», «Қауіпсіз шекара» және «Қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу» атты бастамалары ықпал етті.
Жиын қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдарына жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты азайту, топтық қылмыстың алдын алу және өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайту бағытында жаңа бірлескен іс-қимыл алгоритмін әзірлеу тапсырылды.
Құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жүйелі жұмысы өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қылмыстың алдын алуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр.