Науқан аяқталуға жақын

0 0

Жетісу облысында көктемгі егіс науқаны аяқталуға жақын. Жоспарланған жаздық дақылдардың 91,5 пайызы, қант қызылшасының 12,1 мың гектары себілді.  Қант қызылшасын себу 15 мамырда, дәнді дақылдар 1 маусымға дейін толығымен аяқталады деп күтілуде.

Көктемгі дала жұмыстарына 20,6 мың ауылшаруашылығы техникасы тартылған. Биылғы жылға арзандатылған дизель отынының бекітілген көлемі 5,5 мың тонна болса, оның 3,2 мыңы облысқа жеткізілдіСол сияқты жоспарланған 58,8 мың тонна тыңайтқыштың 44,8 мың тоннасы сатып алынып, қолданылуда.

– Көктемгі дала жұмыстары мен егін жинау науқанына «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 14,3 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 5,1 миллиард теңгесі 198 шаруашылыққа берілді. Ал, вегетациялық кезең туралы айтсақ, егінге су беру жұмыстары басталды. Суаруға 1 миллиард текше метрі су беріледі деп жоспарлап отырмыз. Биыл шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 114,8 мың гектар жерде жүргізіледі. Бұл өңдеу жұмыстары бүгіннен басталды. Жалпы оған 5 әуе ұшағы, 4  дрон және 17 жер үсті бүріккіштері жұмылдырылады, шоғырланған жерлерін анықтау жұмыстарына 204 адам және 79 автокөлік тартылады. Оған республикалық және жергілікті бюджеттен биыл 455,8 миллион теңге бөлінген,  дейді Жетісу облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.