Өскеменнің жылу және су инфрақұрылымы жаңарып жатыр

0 1

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында қала тұрғындарының 80 пайыздан астамын жылумен қамтамасыз ететін Өскемен ЖЭО-ны жаңғырту жұмыстарымен танысты. 

Биыл жөндеу және құрылыс жұмыстарына «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында 7,5 миллиард теңге бағыттау жоспарланған. Стансада 9 қазандық агрегаты мен 8 турбоагрегатты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, сондай-ақ Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында стансаны кеңейту бойынша жобалар іске асырылуда.

Қанат Бозымбаев сонымен қатар 4 мыңнан астам абонентті және бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынды жылумен қамтамасыз ететін Согра ЖЭО-да да болды. Соңғы үш жылда мұнда жабдықтың тозу деңгейі 63,25 пайыздан 61,87 пайызға дейін төмендетілген. Биыл жөндеу жұмыстары жалғасады.

Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев Жаңа Согра ауылында салынып жатқан су тазарту нысандарының құрылысымен танысты. Кешеннің тәуліктік қуаттылығы 13 050 м³ құрайды.

Сапар қорытындысы бойынша вице-премьер Төтенше жағдайлар орталығында су тасқыны кезеңі және өрт қаупі жоғары маусымға дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді.