Жамбыл облысы, Жуалы ауданында ел жадында сақталатын тағылымды әрі тарихи мәні зор іс-шара өтті. Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшысы, жазушы әрі қоғам қайраткері Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында аудандық прокуратура ғимаратында батырға арналған ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты рәсімге ҚР Бас прокуроры Берік Асылов, жазушы, қоғам қайраткері әрі Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысты.
Бауыржан Момышұлы – қазақ халқының батырлық пен рухтың символына айналған тұлғасы ғана емес, елінің әділет жолындағы қызметіне де сүбелі үлес қосқан азамат. Ол 1931–1932 жылдары Жуалы ауданының прокуроры болып қызмет атқарған. Бұл оның болмысындағы әділдікке деген ұмтылысты, заң мен тәртіпті қастерлеуді көрсететін маңызды кезең. Осы тарихи дерек бүгінгі іс-шараға терең мән беріп отыр.
Ескерткіш тақта Жуалы жерінде тек Бауыржан Момышұлына ғана емес, сонымен қатар, Ұлы Отан соғысына қатысып, ел тыныштығын қамтамасыз еткен барлық прокурорларға арналып орнатылды. Бұл – ел қорғаған ерлердің ерлігін ұлықтау мен тарихи жадыны жаңғырту жолындағы маңызды қадам.
Салтанатты іс-шара аясында прокуратура ғимаратының ішінен батырдың өмірі мен ерлігіне арналған арнайы бұрыш ашылды. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген Момышұлының нақыл сөзімен аталған бұл экспозицияда батырдың майдан мен бейбіт өмірдегі ерліктері, философиялық көзқарастары мен өнегелі ойлары қамтылған. Бұл – тек тарихи мәлімет қана емес, жас буынға рухани тәрбие беретін ерекше орта.
Рәсімге қатысушылар ғимарат жанындағы алаңда жас көшеттер отырғызды. Бұл – өмірдің жалғасуы мен ұрпақтар сабақтастығын білдіретін рәсімге айналды. Қонақтар ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.
Бас прокурор Берік Асылов өз сөзінде елдің жарқын болашағы үшін жанын қиған батырларды ұмытпау әр ұрпақтың азаматтық борышы екенін ерекше атап өтті. Ал Зейнеп Ахметова Бауыржан Момышұлының ерлігі мен рухани мұрасы туралы естеліктерімен бөлісіп, шараны ұйымдастырған прокуратура ұжымына ризашылығын білдірді.
Іс-шара аясында жас прокурорлар салтанатты түрде ант қабылдады. Бұл сәт ел қызметінде алғаш қадам басқан жас мамандар үшін ерекше тарихи маңызға ие болып, олардың бойында отансүйгіштік пен кәсіби жауапкершілік сезімін нығайтты.
Іс-шараның қорытындысы ортақ естелік суретке түсумен аяқталып, қатысушылар бұл күнді ұлт рухын дәріптеген, өткенге тағзым еткен және болашаққа сеніммен қарауға үндеген сәт ретінде қабылдады. Осындай тағылымды бастамалар – елдік рухты бекемдейтін, ұрпақ санасына ұлт батырларының есімін мәңгілік сіңіретін маңызды оқиғалар.