Асыл тұқымды ірі қара мал өсірмек

0 5

Арқалық қаласының Қайыңды ауылдық округіне қарасты «Болат К» шаруа қожалығы 40 бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелді.

Бұл шаруа қожалығы 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Қонай қыстағын мекендеген. Өткен жылы табиғи апат тасқын судың салдарынан шаруаның үй-жайы, қора-қопсысы, мал-мүлкі түгел жойылып кеткен еді. Мемлекет көмегімен сол жоқтың бәрі орнына келіп жатыр. Асарлатып жайлы үй де тұрғызып алды.

«Су тасқынынан қатты зардап шеккендердің біріміз. Шүкір, үкіметіміздің арқасында шаруамыз түзелді. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, шаруашылықты жалғастырып, «племенной статус» алып, өзім сияқты мал шаруашылығын күйттеген жандарға бұқа таратсам деймін. Бұрын табынға асыл тұқымды бұқа қосып лаждайтынбыз. Енді өзім де осы іспен түбегейлі айналыссам деймін. Ата-анамның бастап беріп кеткен кәсібін мұрагерлікпен алып, жалғастырып жатырмын. Үйдің кенжесі болғандықтан, қарашаңырақты ұстап қалуыма тура келді», – дейді дағдарысты кезеңнен сәтімен шығып, көңілі жайланған фермер Болат Шалдыбаев.

Ол мектепте он жылдан астам уақыт дене тәрбиесі және спорт жүйесінен ұстаздық қызмет те атқарған. Малға қарайтын адам болмағандықтан, ата кәсіпті қол етуіне тура келгенін айтады. Келешекте, ауылшаруашылығы саласын дамытуға үлес қоспақ.