Жас спортшылардың жұлдызын жағатын «Мектеп барысы»

0 6

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл аймақтағы Жетісу жастары орталығында өткен басқосуда «Мектеп барысы-2025» қалалық турниріне қатысатын жас балуандармен кездесті. Жастарды спортқа тарту және қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған шарада, шаһар басшысы жас спортшыларға батасын беріп, сәттілік тіледі.

Кездесуде Ернат Бәзіл, спорттың жастар үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, барлық қатысушыларды өз мүмкіндіктерін толық ашуға шақырды. Сонымен қатар, ол қалада спорттық инфрақұрылымдардың дамып жатқанын, түрлі спорт алаңдары мен жаттығу орындарының жасалып жатқанын атап өтті.

– «Спорт – денсаулықтың негізі. Қаламызда спортты дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. Әрбір тұрғынның спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік бар. Біз жас спортшыларды қолдауға дайынбыз, өйткені бұл олардың болашағы үшін маңызды. Қаланың спорттық инфрақұрылымы мен әкімдік тарапынан жасалып жатқан қолдау жас буынды шыңдайды», – деді қала әкімі.

Кездесуде қатысушылар өздерін толғандыратын сұрақтарды қойып, әкімнен жауап алды. Әкім, жастарды тек жеңіс үшін емес, спорттың шынайы рухын түсініп, әділдік пен жеңілмейтін қайсарлықты ұстануға шақырды.

«Мектеп барысы» – 2025 турнирі биыл екінші рет өткізілгелі жатыр. Өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған турнир аймақтағы «Болашақ» құрылыс компаниясы мен «Savor», «Issmile», «Millennium» мейрамханаларының демеушілігімен өткен еді. Сол кезде 27 балуан арасында мықтылар анықталып, олардың арасында Талдықорған қаласының №12 орта мектебінің оқушысы Бақытбек Исажан жеңіске жетіп, «Мектеп барысы» атағын жеңіп алды. Екінші орын 13 жасар Қоғайбек Жасұланға бұйырса, үшінші орын Мүсәлім Нұрәліге табысталған болатын.

Ал, биылғы «Мектеп барысы-2025» турнирінің ақтық бәсекесі 18 сәуір күні І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жатақхана алаңында өтеді.

Келешекте бұл турнирдің қатысушылары қазақ күресінің үздік жас өкілдері ретінде танылып, еліміздің спорттық тарихында өз іздерін қалдыратыны сөзсіз. Жас балуандар мен көрермендер осы күні үлкен тартысқа куә болары анық, ал жеңімпаздарды марапаттау рәсімі спортқа деген қызығушылықты одан әрі арттыруға ықпал етеді.