Сарқан ауданының тұрғындары ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға негізделген «Ауыл аманаты» бағдарламасын оңтайлы пайдаланып келеді.
Аталған бағдарламаның игілігін көріп отырған жанның бірі – Алмалы ауылының тұрғыны Аманжол Тыныбаев. Ол 4329 мың теңге көлеміндегі несиеге 9 бас ірі қара сатып алған.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естіп, қажетті құжаттарды жинастырдым. Қаражат жеке шотқа түскеннен кейін бағдарлама шарты бойынша Алмалы, Пограничник ауылдарынан, Сарқан қаласынан «Әулиекөл», «Алатау» тұқымды ірі қара малын сатып ала бастадым, – дейді Аманжол Серікұлы.
Көп сөзге жоқ Аманжолдың отбасында өзінен бөлек төрт қарындасы бар. Үйдің үлкені болғандықтан әрі көзін ашқалы малдың ортасында өскеннен кейін өмірін төрт түліксіз елестете алмайды. Аманжол бұл бағдарламаның тиімді тұсы 2,5 пайызбен 7 жылға алған несиенің төлеміне екі жылға демалыс (каникул) берілетінін алға тартады. Шаруа адамы үшін бұдан асқан жеңілдік бар ма?!
Алға қойған жоспары асқақ малсақ жан қарауындағы мал басын өз төлі есебінен одан әрі көбейтіп, шаруашылықтың ұлғаюына үлес қоссам дейді.