Аймақта бірде бір апатты мектеп болмауы тиіс

0 7

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен өткен жиында жаңа оқу жылына дайындық  мәселелері қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.

– Өткен жылы үш ауысымға көшуі мүмкін мектептер мәселесін қосымша ғимарат  салу арқылы толығымен шештік. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен  – 4, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен  – 2, жеке демеуші есебінен тағы бір мектептің мәселесі шешіледі.

2025 жылы аймақта бірде-бір апатты мектеп болмауы тиіс. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасы, облыстық білім басқармасы жұмысының басым бағыттарының бірі. Мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары  15 тамызға дейін толық аяқталуы тиіс.  Оқулықтар 20 тамызға дейін толық жеткізіліп, оқушыларға таратылсын. Қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек.

Облыстық полиция департаменті білім басқармасымен бірлесіп, бейнебақылау камераларының жай-күйі мен жедел әрекет ету орталығына қосылуына қатысты мәселені қайта пысықтап шығуы қажет. Сонымен қатар, мектепте берілетін тамақ сапасын ұдайы қадағалауда ұстау керек. Жыл сайынғы «Мектепке жол» дәстүрлі акциясын биыл да жоғары деңгейде ұйымдастыру маңызды, – деді Ш.Байманов.

Жаңа оқу жылында Қызылорда қаласының сол жағалауынан 900 орынды  «Жайлы мектептің», Шиелі ауданы Жансейіт ауылында 100 орынды №133 мектептің, Жаңақорған ауданы Байкенже ауылында 150 орынды №193 мектептің жаңа ғимараттарын пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, сол жағалаудағы «Оқушылар сарайы» қыркүйек айында іске қосылады деп күтілуде. Бұған қоса аймақта сегіз мектеп күрделі жөнделуден өтуде.

Алдағы жылыту маусымына қатты отынның қажетті қоры 20321 тонна болса, қазір мектеп қоймаларында оның 13800 тоннасы бар.  Қажетті 13065 тонна сұйық отынның 2500 тоннасы дайын. Газбен жылытылатын мектептердің барлығында келісімшарт жасалған.