Қазіргі таңда Алакөл ауданының негізгі басымдықтарының бірі – жаңа технологияларды қолдана отырып, қант қызылшасының сапасы мен көлемін арттыру, ауылшаруашылығын бастапқы орынға қоя отырып, ел игілігіне үлес қосу. Осы тұста «Bolat Group LTD» ЖШС-нің егістік алқабында өнімді молайтудың тиімді жолы және тамшылатып суару технологиясын пайдаланудың маңыздылығы жөнінде семинар өтті. Жиынға ауылшаруашылығына қатысы бар қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер қатысты.
– Біздің шаруа қожалығы биыл 275 гектар алқапта тамшылатып суару технологиясын пайдаланып тәтті түбір екті. Су көлемін үнемдеу, жер құнарлығын сақтау, өнім көлемін молайту үшін алғаш рет тамшылатып суару әдісін қолдандық. Жиын-терім уақытында 275 гектар жерден мол өнім аламыз деген үмітіміз бар. Келер жылы 1000 гектар жерге қант қызылшасын себуді көздеп отырмыз, – дейді «Bolat Group LTD» ЖШС-нің иесі Болат Сейрбаев.
Семинар барысында аудандағы диқандарға тамшылатып суару технологиясының маңыздылығын атап, жұмыс барысын, жаңа техникаларды таныстырған Болат Сейрбаев тамшылатып суару әдісі арқылы су мен тыңайтқыш, жұмыс күші 6-8 есе үнемделетінін айтып өтті. Сонымен қатар, биыл жұмысшылар үшін ғимарат салынып, жатын орнын ыңғайластырғанын, алдағы уақытта ғимаратқа интернет жүйесін орнатып, заманауи компьютермен суару жүйесін енгізуді жоспарлап отырғанын да тілге тиек етті. Шаруашылық иесінің басты мақсаты – мемлекет қолдауымен Алакөл ауданында қант зауытын салу.
Жалпы Алакөлде биыл 82215 гектар егістік жер игеріліп, оның 41867 гектарына дәнді, 22085 гектарға майлы, 16324 гектарға азықтық, 1295 гектар алқапқа көкөніс және бақша, 644 гектарға қант қызылшасы егілген. Оның жемісін жеу алдағы күндердің еншісінде.