Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт

0 14

Нарынқол ауылындағы Райымбек аудандық Б.Мұқай атындағы Мәдениет үйінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында аудандық ішкі саясат бөлімі мен аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ене, қыз, келін» атты байқау өтті. Аталған іс-шара ене мен келін арасындағы сыйласымды қарым-қатынасты дамыту, сол арқылы ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптей отырып, халқымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға арналды.

Байқауға әр ауылдық округтен бір-бір отбасының мүшелері қатысып, «Мен қазақтың анасымын, қызымын, келінімін», «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» атты тақырыптар бойынша өнерлерін ортаға салды. Олар ене мен келін және қыздың отбасындағы алатын орнын, қадір-қасиетін ұлттық нақыштағы сахналық қойылымдар арқылы көрерменге ұсынды. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!», «Қызға қырық үйден тыю», «Әйел – отбасының берекесі мен мерекесі, алтын діңгегі», «Қыздың бағы – түзден», «Үлкенге – ізет, кішіге – құрмет» сияқты ежелден қалыптасқан ұлағатты ұғымдардың мән-маңызын барынша ұғынықты жеткізуге тырысты. Келін түсіру, келінді төркіндету, қыз ұзату сияқты ұлттық дәстүрде ана мен ененің атқаратын рөлі де қойылымдардың өн бойына өрнек болды. Сайысқа қатысушылар ене, қыз, келінге қатысты ситуациялық сұрақтарға өз ойларын ортаға сала отырып жауап берді. Өздері жасап әкелген ою-өрнекпен әдіптелген сырмақ, құрақ көрпе, жастық, көпшік сияқты ұлттық қолөнер бұйымдары мен балды бармақтарымен жасаған дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдарды паш етті.

Іс-шара барысында үміткерлердің қаншалықты дайындықпен келгендігі, жетістік-кемшілік көрермендердің де, қазылар алқасының да назарынан тыс қалған жоқ. Бұл жөнінде шараға қазылық жасаған ішкі саясат бөлімінің басшысы Жәмилә Қоқымбаева мен аудандық аналар кеңесінің төрағасы Балжан Омарова ойларымен бөлісті. Алдағы уақытта да ұлттық мүддеге қатысты мұндай шаралар жалғасын табатынын, оған қатысушылар жан-жақты дайындықпен келулерін ескертті.

Сайыстың қорытындысы бойынша, Нарынқол ауылынан қатысқан «Ыстық ұя» отбасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Ұлттық дәстүрді насихаттауға барынша мүдделілік танытқан Жамбыл ауылының «Шуақ» атты отбасы екінші орынды иеленсе, Шалкөде ауылынан келген Құтпанбаевтар әулеті үшінші орыннан көрінді. Сарыжаздық Нәсеновтер, текестік Байсақаловтар, қайнарлық Әкебаевтар, сүмбелік Сайрабековтер әулетінің өнерлері де байқау талабын қанағаттандырып, ынталандыру жүлделеріне ие болды. Жеңімпаздар дипломдар мен Мақтау қағаздарына, арнайы жүлделер мен заттай сыйлықтарға ие болды.

Заман алға озып, уақыттың тамыр соғысы сан құбылып тұрған бүгінгі таңда ағайыншылық, үлкендер мен жастар, әке мен шеше, ене мен келін, қыз бен жеңге арасындағы сыйласымды қарым-қатынас, мейірім, қайырым, сүйіспеншілік, бауырмалдық сияқты адами  құндылықтар алаңдаушылық тудырып отырғаны жасырын емес. Мұндай керағарлық ұрпақ тәрбиесінің құнсыздануына, жастар арасында қылмысты оқиғалар белең алып, ажырасу секілді ұлтымызға жат әдеттердің өмірімізге дендеп енуіне жол ашып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Көзге қораш, көңілге кірбің ұялататын келеңсіздіктерге тосқауыл қою мақсатында осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, оның тағылымы да мол болатынын айтқан орынды.