Тастөбелік шаруалар балтамыр баптауда

0 12

Қаратал ауданындағы Тастөбе ауылының шаруалары да ауа райының қолайлы күндерін уақытылы пайдаланып, мол өнім алу мақсатында еңбек етіп жатыр.

Көктемгі дала жұмыстарына несие алу үшін ауылдық округ бойынша үш шаруашылық жалпы сомасы 40 миллион теңгеге өтінім тапсырып, несиелерін алды. Өңірде, негізінен, қант қызылшасы алқабын ұлғайтуға басымдық беріліп отыр. Мұндағы тәтті түбір алқабы 87 гектарға жеткен. Қант қызылшасын  өсіруді мықтап қолға алған «Жеткеев», «Нугубеков К.Н», «Мақсат Агро», «Рахат», «Темірлан» және «Ұлыс» шаруа қожалықтары жүйелі жұмыс атқарып келеді.

Шаруа қожалығына тиесілі қант қызылшасы алқабында жұмыс қызған. Күн жылынғаннан дайындық жасаған шаруа жерін  жыртып, егістік алқабын дайындап, тұқым екті. Қазіргі таңда шаруалар минералды тыңайтқыштар мен үстеп қоректендіру  үстінде. Егіс алқаптарында қажетті техниканың барлығы бар. Бүгінде  әр қожалықта тұрақты 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Маусым кезінде жұмысшылар саны артады. Науқан қызған шақта 150-ден астам жергілікті тұрғын жұмысқа тартылады. Жазғы дала жұмыстары жоспарға сәйкес өз уақытында, сапалы өткізілетін болады.