Жас педагогтар тәжірибелерін жетілдірді

0 6

Елордалық №43 қосымша білім беру мектеп-орталығында жас педагогтар слеті өтті. Астананың тәжірибелі педагогтары жас әріптестеріне білім беру тренингтерін, «TEDx» жобасын және ұлттық спорт ойындарын ұсынды.

Жас педагогтар білім беру тренингтеріне қатысып, білім беру саласындағы үздік спикерлер, ҚР ПМ орта білім комитетінің төрағасы Қ.Жұмашев, Білім басқармасының басшысы Қ.Сенғазыев, «EdCrunch Academy» компаниясының негізін қалаушы Н. Қиясов, мектеп басшыларының кадрлық резервінің түлектері, сондай-ақ тәжірибелі педагогтар сөз сөйлеген «TEDx» форматындағы мотивациялық кездесулерде тың идеялармен шабыттанды. Слетке 100-ге жуық жас педагог қатысты.

– Жас мамандар ретінде бұл мамандықтың сізге сәйкес келетін-келмейтіні туралы жиі ойлануыңыз мүмкін, әсіресе жұмыстың алғашқы үш жылында. Алайда, ұстаздық қызмет сіздің сүйікті ісіңізді қалдыруға мүмкіндік бермейді. Ең бастысы – шаршамау. Сіздердің араларыңызда болашақ мектеп директорлары, білім басқармаларының басшылары мен министрлер және, әрине, ең жақсы мұғалімдер бар деп сенемін. Сіздермен бірге қала қарқынды дамып, жаңа мектептер салынуда. Қаламызда бүгінде 263 мың оқушы бар болса, 2030 жылға қарай Астанада 382 мыңға жуық оқушы болады. Осы бес жыл ішінде мектепке 120 мың бала барады, сіздің жұмысыңыз одан әрі сұранысқа ие болады деген сөз, – деді елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Басқарма басшысы бүгінде елордада бір уақытта 34 мектеп салынып жатқанын айтты. Бұл мектептер төрт мың мұғалімді қажет етеді.

Қатысушылардың айтуынша, «TEDx» форматындағы білім беру тренингтері оларға өзекті тақырыптарға енуге, тәжірибе алмасуға, жаңа әдістемелерді игеруге және сыныпта жұмыс істеу үшін практикалық құралдарды алуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ іс-шара барысында ұлттық спорттық ойындар мен эстафеталар өткізілді.