Илон Маск негізін қалаған «Neuralink» компаниясы ми чипін орнатуға жаңа қатысушы іздейді. Компанияның баспасөз қызметі X әлеуметтік желісінде осындай хабарлама жасады.
Экспериментке қатысуға қолы мен аяғы сал болып, қалыпты қозғалыс қызметін жоғалтқан адам шақырылады. Кәсіпкердің өзі де экспериментке екінші ерікті іздейтінін хабарлады.
«Біздің «Телепатия» кибернетикалық ми имплантымыз телефон мен компьютерді ойларыңыздың күшімен басқаруға мүмкіндік береді», деп жазды кәсіпкер X әлеуметтік желісінде «Neuralink» хабарламасына репост жасап.
«Neuralink» 2016 жылдан бері жұмыс істейді және 2019 жылы «Bluetooth» арқылы ми сигналдарын жіберуге қабілетті құрылғысын таныстырды. 2021 жылы ғалымдар чипті жануарға орнатып көру сынағын сәтті аяқтады.
2023 жылдың қыркүйегінде компания имплантты сынау үшін экспериментке қатысушылар тарта бастады. «Neuralink» чиптің қауіпсіздігін және құрылғыны орнату үшін қолданылатын хирургиялық робот жұмысын сынап көргісі келді. Имплант 29 жастағы сал ауруына шалдыққан Ноланд Арбоға қондырылды. Жас жігіт чиптің көмегімен әкесімен ойын ойнап, Х желісінде жеке блогын ашты.