Балаларға қуаныш сыйлайтын шебер

0 9

Қала тұрғыны Үсен Әжібаев көлік дөңгелегінен түрлі бұйымдар жасайды. Есік алдына қажетті орындық, мүсіндер мен үйшіктер, сырғанақ пен әткеншектер істейді. Әсіресе, балаларға арналған жануарлар бейнесі, мультфильм кейіпкерлері көздің жауын алады.

Бұл кәсіпті бастағанына он жылдай уақыт болған. Әуелгіде балабақшада жұмыс істейтін қарындасына ауланы безендіруге тапсырма беріледі. Қолынан келіп тұрған соң өтінішін орындап, екі аққу мен құмыра және айдаһар мүсінін жасап береді. Оны көрген өзгелер тапсырыс беріп, солай ісі алға басып, кәсіп көзіне айналдырады.

– Менің нағашы атам ұста болған екен. Сол кісіден берілген қасиет. Жұмыстан соң балабақшалар мен жеке адамдардың тапсырыстарын орындаймын. Көлік дөңгелектерін вулканизациядан сатып аламын. Балалардың қолын жырып кетпейтіндей жан-жағы майыспаған болу керек.  Әрі балалар көшеге шығып ойнап кетпей, өз ауласында қауіпсіз жерде қызықты уақыт өткізеді, – дейді ол.

Бағасы 5 мың теңгеден бастап, жұмыстың күрделілігі мен материалына, бояуына байланысты 7-10-12 мың теңге аралығын қамтиды. Әлеуметтік желі арқылы еліміздің басқа аймақтарынан тапсырыс қабылдап, оны таксимен жібереді. Бір өнімді жасауға бір күн, ал кейбіреуінің дизайнына қарай 2-3 күн уақыт кетеді.

Көпбалалы әке вахталық жұмыстан соң 15 күн осы кәсібін жүргізіп, берекелі тіршілік етуде.