Солтүстік Қазақстан облысынан кейін Президент борты Қостанай облысына ұшып келді. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі қазіргі ахуалмен танысу үшін тікұшақпен су басқан аумақтарды аралап көрді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына байланысты өңірдегі алты аймақта төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Облыстағы 492 ауылдың 11-і су тасқынынан зардап шекті. Қазіргі кезде жағдай тұрақталды. Алайда әлі де 51 үй су астында қалып отыр. Бұдан бөлек, 4 көпірді, 7 жол учаскесін су шайып кеткен, 1414 электр бағанына нұқсан келді. Нәтижесінде Қостанай мен облыстың оңтүстігіндегі аудандар арасында көлік қатынасы қиындап, 13 елді мекенді электрмен қамтамасыз ету мәселесінде түйткілдер пайда болды.
Сонымен қатар Президентке облыстың негізгі гидротехникалық нысандарының, атап айтқанда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймаларының жай-күйі жөнінде мәлімет берілді. Құмар Ақсақалов елді мекендер мен инфрақұрылымдарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері ұдайы бақылауда ұсталатынын айтты.
Жалпы, өңірдегі дамбаларды бекіту, инертті материалдарды төгу нәтижесінде Тобыл қаласын, Амангелді ауданының орталығын және басқа да елді мекендерді су басу қаупінен сақтап қалу мүмкін болған.
Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны салдарын еңсеруге жәрдемдескен бизнес өкілдерімен және еріктілермен жүздесті. Кездесуге өңірдегі машина жасау, тау-кен, тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі салаларының жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті өкілдері, облыстық жастар ресурстық орталығының еріктілері және студенттер қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету басты міндет екенін атап өтті.
– Осы кездесуге біраз меценат қатысып отыр. Мен сіздерге ризашылығымды білдіремін. Бұл – сіздердің жүрек қалауларыңыз, азаматтық жауапкершіліктеріңіздің көрінісі. Мұның бәрін марапат үшін емес, шынайы ниетпен жасалған игі іс деп білемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.
– Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент еріктілерге зор құрметпен қарайтынын және жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтіп, оларға ризашылық білдірді.