Диалог алаңына айналдыруды ұсынды

0 5

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен қоғамдық кеңес отырысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиын барысында “А-2” айналма жолын пайдалануға беру мерзіміне, теміржол вокзалын қайта жаңғыртуға, жаңа әуежай терминалының құрылысына, жол қауіпсіздігі мен азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты мәселелер пысықталды.

 Қоғамдық кеңес мүшелері қаланы жасыл желекке айналдыру, тұрмыстық қалдықтарды шығару, ретсіз сауда мәселелерін көтерді. Ғабит Әбдімәжитұлы алдағы уақытта қала көшелеріндегі кептелістер жасанды интелект арқылы шешілетінін, ирригациялық жүйелерді ретке келтіру бойынша тиісті жұмыстар басталғанын, қаланың шырайын қашыратын коммерциялық нысандардың бірегей дизайн кодпен ретке келтірілетінін жеткізді.

 Қала басшысы нәтижелерге қол жеткізу үшін қоғамдық кеңес отырысын қызу диалог алаңына айналдырып, өзекті мәселелердің шешімін жан-жақты қарастыруды ұсынды. Кадрлық ауыс-түйістерге қатысты туындаған сұраққа жауап берді.

 – Әріптестерімнен ең алдымен адалдықты, халықпен таза, тығыз жұмыс жүргізуді талап етемін. Екі орынбасарым мен аппарат басшысы бос орындарға қызметке келді. Бір аудан әкімі мен басқарма басшыларының тағайындалуы да тиісті талаптарға сай жүргізілді. Ал қалған құрам өздерінің қызметке адалдығын, іскерлігін көрсетіп, жұмыстарын жалғастыруда. Әріптестерімнің кез келген заңсыз әрекеті үшін мен жауапты болғандықтан, сенімді, халықпен жұмыс жүргізе алатын азаматтармен бірге қаланы дамытуда бірлесе қызмет етеміз, – деді қала әкімі.

 Ғабит Сыздықбеков маңызды мәселелерді дер кезінде көтеріп, олардың оңтайлы шешілуіне атсалысып жүрген қоғамдық кеңес мүшелерін халық игілігі жолында бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды.